Қазақстан Амман қаласындағы дипломатиялық қайырымдылық жәрмеңкесінде ұлттық павильонын таныстырды

Қазақстан Амман қаласындағы дипломатиялық қайырымдылық жәрмеңкесінде ұлттық павильонын таныстырды

Амман, 2025 жылғы 18 қазан – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшілігі «Әл-Хусейн» жастар қалашығында өткен 61-ші жыл сайынғы дипломатиялық қайырымдылық жәрмеңкесінде ұлттық павильонын таныстырды.

Іс-шара 1958 жылы марқұм патшайым Зейн Аш-Шараф құрған және қазір ханшайым Басма бинт Талал басқаратын Иорданияның ең көне қайырымдылық ұйымдарының бірі – «Мабаррат Умм Әл-Хусейн» институтының қолдауымен өтті.

Жәрмеңкеге Корольдікте аккредиттелген бірқатар шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ Амман қаласының жүздеген қонақтары мен тұрғындары жиналды.

Дәстүрлі қазақ киіз үйі үлгісінде безендірілген Қазақстан стендінде Елші Талғат Шалданбай және Елшіліктің қызметкерлері ханшайым Басма бинт Талалды қарсы алды. Иорданиялық ханшайым павильонның экспозициясымен танысып, оның мазмұны мен көркемдігін жоғары бағалады.

Қазақстандық павильон жәрмеңкедегі ең көрнекті орындардың бірі болып, Амман тұрғындары мен дипломатиялық корпус өкілдерінің назарын аударды. Экспозицияда дәстүрлі қазақ киімдерінің элементтері, зергерлік және халық қолданбалы өнер бұйымдары, ұлттық кәдесыйлар, сондай-ақ қазақстандық кондитерлік бұйымдар ұсынылды.

Түскен қаражаттың барлығы «Мабаррат Умм Әл-Хусейн» институтының 6-18 жас аралығындағы, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан ұл балаларға баспана мен білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды қолдауға жұмсалады.

Қазақстанның аталған мәдени-қайырымдылық жобаларға белсенді қатысуы Иорданиямен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп, еліміздің өзара көмек пен әріптестік қағидаттарына бейілділігін растайды.