Амман, 2025 жылғы 1 қазан – Иордан Хашимит Корольдігі Парламентінің Сенатында Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Елшісі Талғат Шалданбайдың Сенат төрағасы Фейсал Әл-Фаизбен кездесуі өтті.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. 2025 жылы Президент Қ.Тоқаевтың Амман қаласына және Иордания Королі Абдалла II-нің Астана қаласына жасаған сапарларының маңызы атап өтілді. Парламенттік дипломатияға ерекше назар аударылды. Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды ілгерілетудің пәрменді тетігі ретінде парламентаралық өзара іс-қимылды, оның ішінде парламенттік достық топтары форматында жандандыру қажеттігін растады.
Кездесу барысында Король Абдалла II басшылығындағы Иорданияның Таяу Шығыстағы «тұрақтылық оазисі» мәртебесін сақтай отырып, саяси және экономикалық жаңғырту бағытын жалғастыруда екендігі атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстанда жүзеге асырылудағы цифрландыру, энергетика, көлік-логистикалық инфрақұрылым және әлеуметтік жаңғырту салаларындағы ауқымды реформалар таныстырылды.
Сұхбат барысында Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған стратегиялық міндеттерді жеткізді. Бағдарламалық құжаттың ел экономикасын жаңғыртуға, инновацияларды белсенді енгізуге және әділ қоғам қалыптастыруға бағытталғанына назар аударылды.
Диалог сындарлы атмосферада өтіп, екі елдің саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға деген өзара ниетін растады.