Амман, 2025 жылғы 29 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай жаңадан тағайындалған Иордан Хашимит Корольдігінің Инвестиция министрі Тарек Абу Газалимен екіжақты инвестициялық әріптестікті кеңейту перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы, фармацевтика және ортақ мүдде тудыратын басқа бірқатар салалардағы ынтымақтастықты дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды. Сонымен қатар, құрылыс саласындағы өзара іс-қимылдың маңызы атап өтілді.
Елші иордан тарапына ақпараттық және презентациялық материалдарды, оның ішінде салалық ұсыныстарды (инвестициялық тапсырыстарды) ұсынды, сондай-ақ 2025 жылғы 31 қазанда өткізуі жоспарланған Қазақстандық жаһандық инвестициялар жөніндегі «дөңгелек үстел» (KGIR) туралы хабардар етті. Ол Қазақстан Үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қабылдап жатқан шараларына кеңінен тоқталып, Министрді еліміздің экономикалық өсу қарқынымен, перспективалы салаларымен және екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарымен таныстырды.
Осы тұрғыда Елші 2025 жылғы 8 қыркүйекте жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды.
Министр 2025 жылғы 27 тамызда Иордания Королі Абдалла II-нің Қазақстанға ресми сапары екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер ашатынын атап өтті. Ол сапар аясында өткен Қазақстан-Иордания Бизнес-форумының табыстылығын жоғары бағалап, Корольдіктің инвестициялық әріптестікті кеңейтуге, қазақстандық капиталды тартуға және әлеуеті жоғары секторларда бірлескен кәсіпорындар құруға ниетті екенін жеткізді. «Корольдік өзінің іскерлік ахуалын нығайтуға және инвесторларға қажетті көмек пен кепілдіктер беруге ниетті», - деді Т.Абу Газали.
Тараптар инвестициялық ағымдарды жандандыру және Иорданияның іскерлік қауымдастығын екіжақты экономикалық байланыстарды дамытуға тарту үшін қолайлы жағдай жасауға жәрдемдесуге дайын екендіктерін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тұрақты байланыстарды қолдауға және инвестициялық ынтымақтастықты жүйелі түрде нығайтуға бағытталған практикалық шараларды бірлесіп әзірлеуге өзара қызығушылық білдірілді.