Амман қаласында Қазақстан Президентінің Жолдауы және астаналар арасындағы әріптестіктің дамуы талқыланды

Амман қаласында Қазақстан Президентінің Жолдауы және астаналар арасындағы әріптестіктің дамуы талқыланды

Амман, 2025 жылғы 15 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Амман қаласының мэрі Юсеф Аш-Шауарбехпен кездесті.

Тараптар астаналар арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мен Иордания Королі Абдалла II-нің Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кездесу барысында өзара сапарлар ұйымдастыру мен Бауырлас қалалар туралы келісімнің 20-жылдығына орай бірлескен іс-шаралар өткізу мәселелері қарастырылды.

Елші астаналар арасындағы өзара іс-қимыл Қазақстан мен Иордания арасындағы саяси диалогтың кемелдігі мен мәдени құндылықтардың ортақтығын көрсететінін, сондай-ақ сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны цифрлық трансформация арқылы шешу» атты ү.ж. 8 қыркүйектегі Жолдауының негізгі тезистерімен таныстырды.

Өз кезегінде, Амман мэрі мәдени, іскерлік және цифрлық әріптестікті дамытуға мүдделі екендігін білдіріп, Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Сонымен қатар, ол Король Абдалла II-нің ү.ж. 26-27 тамызда жүзеге асқан Қазақстанға ресми сапарын оң бағалап, иорданиялық делегацияға көрсетілген жылы қабылдау үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыстар ұстануға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екендіктерін растады.