«БҰҰ Моделі – Жаңа Жібек жолы – 2025» халықаралық конференциясы

«БҰҰ Моделі – Жаңа Жібек жолы – 2025» халықаралық конференциясы

2025 жылғы 2 мамырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен БҰҰ-ның 80 жылдығына орай өткен «БҰҰ Моделі – Жаңа Жібек жолы – 2025» халықаралық конференциясына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің кеңесшісі Аселя Оралбаева қатысып, сөз сөйледі. Қазақстандық дипломат өз сөзінде 80 жылдық қызметі барысында БҰҰ-ның әлемдегі бейбітшілік пен негізгі халықаралық құндылықтарды қорғау, сондай-ақ жаһандық ынтымақтастықты қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының «БҰҰ – баламасы жоқ әмбебап халықаралық ұйым» деген жоғары бағасын атай отырып, Қазақстанның дүниежүзіндегі бейбітшілікке қосқан үлесін, соның ішінде бітімгершілік бастамалары мен өңірлік қауіпсіздікке бағытталған платформаларды құрудағы рөліне тоқталды. Орта держава ретінде еліміздің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілік жолында БҰҰ жүйесінің қызметін жандандыру жолында одан әрі атсалысуға дайындығын жеткізді.