Алматыда Болатхан Тайжанның 80 жылдығы құрметіне орай бірқатар іс-шара өткізілді

Алматыда Болатхан Тайжанның 80 жылдығы құрметіне орай бірқатар іс-шара өткізілді

Алматы, 8 наурыз - Алматыда дүниеден озған белгілі дипломат, қоғамдық және саяси қайраткер Болатхан Құлжанұлы Тайжанның 80 жылдығына орай бірқатар іс-шара өткізілді.

Ағымдағы жылдың 4 наурызында ҚР Ұлттық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық қызмет ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және отбасы мүшелерінің қатысуымен Б.Тайжанды еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті. 

2016 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының Кітап қорына Болатхан Құлжанұлының жеке архивінде болған түрлі тілдегі 1500-ден астам кітап табысталды. Іс-шаралар аясында Кітап қоры марқұмның өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр.  Сонымен қатар, 7 наурызда Алматы қаласының Орталық шахмат клубында Б.Тайжанның 80 жылдығы құрметіне арналған шахмат турнирі өтті.

Оған қоса, 8 наурызда Б.Тайжанға арналған мемориалды тақтаны ашу салтанаты өтті.  Тақта марқұм өмір сүрген және өмірінің соңғы жылдарын өткізген үйге орнатылды.

Тақтаны ашу салтанатында Алматы қ. әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров, ҚР СІМ-нің Алматыдағы өкілдігі Басшысы Е.Ысқақов, Satbayev University оқу орнының проректоры У.Садықов және басқалар сөз сөйледі.

Шараға қатысушылар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің республиканың сыртқы саясатын қалыптастыруда маңызды рөл атқара отырып, 300-ден астам аналитикалық мақалалар мен сан алуан тілдегі басылымдардың авторы болғанын айрықша атап өтті.

Болатхан Тайжан - МГИМО түлегі, ол Қазақ ССР СІМ-нің бас хатшысы, Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстар министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы, Алжирді, Иорданияны, Ливияны, Марокконы, Сирия мен Тунисті қоса алғандағы Мысырдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымындағы өкілі қызметтерін атқарған еді.