Қазақстан азаматтарына қазақстандықтардың отанға оралуына белсенді қатысқандары үшін алғыс айтылды

Қазақстан азаматтарына қазақстандықтардың отанға оралуына белсенді қатысқандары үшін алғыс айтылды

2021 жылғы 4 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің атынан тұрақты рейстердің карантиндік шектеулер кезінде толығымен тоқтаған уағында қазақстандықтарды өз отанына қайтару бойынша жасаған патриоттық қадамдары үшін Қазақстан азаматтары Закир Темірлан мен Жабина Ольгаға алғыс хаттар ұсыну салтанаты өтті. Нұр-Сұлтан қаласында хатты тапсыру рәсімі ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтың қатысуымен өтіп, Алматы қаласында алғыс хатты ҚР СІМ Өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов табыстады.

Сыйлыққа ұсынылғандар 2020 жылғы 29 сәуірде ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік ұшағымен «Ларнака - Варна - Ақтау» бағыты бойынша Кипр Республикасынан – 32, Болгария Республикасынан 2 отандасты алып кету мақсатында барған арнайы рейсті ұйымдастыруға белсенді қатысқан.

COVID-19 коронавирус инфекциясының жаһандық таралуына байланысты, жоғарыда аталған қазақстандықтар қиын жағдайда қалып қойған еді (күн көріс мүмкіндігінен іс жүзінде айырылған). Осынау айрықша рейстің жолаушылары арасында бала арқалаған аналар, жүкті әйелдер мен студенттер болды.

Рейсті ұйымдастырудағы тағы бір қиындық – ол Кипрде Қазақстанның шетелдік мекемесінің жоқтығы еді. Осыған орай, логистикалық мәселелерді шешу үшін Ларнакаға ҚР-дың Болгариядағы Елшілігінің консулы Айбол Әліпов уақытша жіберілген болатын.

Орын алған қиындықтарға қарамастан, ҚР дипломаттары мен отандастарымыз бірлесе жұмсаған күш-жігердің көмегімен жолаушылардың барлығы Елге аман-есен оралу бақытына ие болды.