Қазақстан мен Қырғызстан СІМ-аралық консультациялары болып өтті

Қазақстан мен Қырғызстан СІМ-аралық консультациялары болып өтті

Алматы, 2021 жылғы 4 ақпан - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қ.-ғы Өкілдігі ғимаратында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов пен Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Нуран Ниязалиев деңгейінде саяси консультациялар болып өтті.

Консультациялар барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтыған қазақ-қырғыз ынтымақтастығындағы өзекті мәселелердің кең ауқымы талқыланды. Елдердің халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылы жөнінде пікір алмасулар болды.

Болашақтағы жоғары және биік деңгейлі сапарлар кестесі егжей-тегжейлі қаралды. Ынтымақтастықтың шарт-құқықтық базасын кеңейту мен бұрында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бағытындағы жұмысты жандандыру маңыздылығы аталып өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар достық пен тату көршілік, одақтастық және стратегиялық әріптестік тұрғысындағы екіжақты байланыстарды жалғастыру жөнінде келісімге келді.