Қазақстан мен АҚШ дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады

Қазақстан мен АҚШ дамуға ресми көмек саласындағы  ынтымақтастық әлеуетін талқылады

АЛМАТЫ, 2021 жылғы 12 қаңтар – ҚР СІМ-нің Алматыдағы өкілдігі ғимаратында дамуға ресми көмек (бұдан әрі – ДРК) саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, оның ішінде «KazAID» агенттігінің қызметкерлеріне арналған тәжірибелік семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру сұрақтары талқыланды.

Кездесуге Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Р.Жошыбаев және ҚР СІМ-нің Алматыдағы өкілдігі Басшысы Е.Ысқақов қатысты. АҚШ тарапынан Америкалық халықаралық ынтымақтастық жөніндегі «USAID» агенттігінің әкімшісі көмекшісінің міндетін атқарушы Хавьер Пьедра және АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Э.Майер болды.

Р.Жошыбаев ҚР СІМ-нің қазақстандық ДРК жүйесін қалыптастыру бойынша жүргізген жұмысы, Қазақстанның соңғы бірнеше жылда шетелдік донорлармен ынтымақтастықта іске асырған пилоттық жобалары және осы салада ұлттық оператор құру мәселесі туралы хабардар етті. Сонымен бірге, ол Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық қалпына келуі және мемлекеттік басқару, білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы мен т.б. салаларын дамытуға бағытталған Қазақстанның тұрақты түрдегі көмегі жайлы әңгімелеп берді.

Өз кезегінде, «USAID» өкілі Қазақстанда ДРК ұлттық жүйесін дамытуға техникалық көмек көрсетуге әзірлігін білдірді. Оның пікірінше, америкалық тарап Орталық Азия мен Ауғанстандағы тұрақтылықты нығайтуға үлес қосатын өз тәжірибесімен бөлісуге дайын. Сонымен қатар, Х.Пьедра Қазақстанның аталған елдерге көмек көрсетудегі күш-жігерін жоғары бағалай отырып, «KazAID» агенттігінің құрылғанына айрықша тоқталып өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруда өзара іс-қимыл жасау, әрі жақын уақытта осы саладағы ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған Қазақстан мен АҚШ Даму агенттіктері арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жөнінде уағдаластық жасалды.