2025 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Архивінде көрнекті қазақстандық дипломат Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекованың «Қазақстан дипломатиясының қыр-сыры» атты кітабының тұсаукесері өтті.
2025 жылғы 10 шілдеде бұл кітаптың тұсаукесері Алматы қ. аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың қатысуымен «Достық үйінде» де өтті.
Басылым автордың жеке мұрағаттық материалдарына негізделген және Қазақстанның сыртқы саясаты қалыптасуының негізгі кезеңдерін қамтиды. Халық дипломатиясының рөліне және егемен мемлекеттің сыртқы саясатының қалыптасуына ерекше назар аударылған.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдік басшысы Жәнібек Әбдрашов бұл еңбектің қазақстандық дипломатияның қалыптасуын айғақтайтын бірегей туынды әрі тарихи жадыны сақтау ісіне қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.
Тұсаукесерге қатысушылар сондай-ақ бұл кітаптың халықаралық мәдени байланыстарды дамыту және тәжірибені жаңа буынға жеткізу ісіндегі маңызын атап өтті.