Тирана, 2026 жылғы 28 наурыз – Тирана қаласында Қазақстанның Албаниядағы Елшісі Искандер Айсариев Албания Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі Ферит Ходжамен кездесті.
Кездесу барысында сұхбаттастар екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін растап, өзара екіжақты ынтымақтастықтың форматы мен халықаралық алаңдарда жоспарлы дамып келе жатқанын атап өтті.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылап, екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды жандандыру және өзара іс-қимылдың институционалдық тетіктерін қалыптастыру қажеттігіне назар аударды. Бірлескен жобаларды іске асыруға және өзара сауда көлемін арттыруға өзара мүдделілігін растады.
Оған қоса транзит және көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Елші И.Айсариев Орта дәліз аясындағы өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін атап өтіп, албан тарапын тиісті бастамаларға белсенді қатысуға шақырды. Орталық Азия мен Балқан өңірі арасындағы орнықты логистикалық тізбектерді қалыптастыру және халықаралық көлік бағыттарын дамыту мүмкіндіктеріне айрықша тоқталды.
Сонымен бірге тараптар шарттық-құқықтық базаны дамыту, білім беру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырып, алдағы түрлі деңгейлердегі екіжақты өзара байланыстардың кестесі бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-албан серіктестігін одан әрі нығайтуға және барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған іс-жүзіндегі бастамаларды жүзеге асыруға өзара дайын екендерін растады.