Аддис-Абеба, 2025 жылғы 18 наурыз – Қазақстанның Эфиопия мен Кениядағы (қоса атқарушы) Елшісі, ҚР-ның Африка Одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Эфиопияның дінаралық кеңесінің Бас хатшысы Лике Тигухан Тагай Таделе мырзамен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында Қазақстан мен Эфиопия арасындағы дінаралық және мәдениетаралық диалог саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Елші Б.Садықов сұхбаттасушыны Қазақстанда жүргізіліп жатқан дінаралық диалог саясатымен, сондай-ақ 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы VIII съезімен таныстырды.
Л.Таделе шақыру үшін алғысын білдіріп, съезге қатысатынын растады, Қазақстанның әртүрлі діндер мен мәдениеттер өкілдері арасындағы бейбітшілік, төзімділік және диалог идеяларын ілгерілетудегі күш-жігерін жоғары бағалады.
Кездесу соңында Эфиопия тарапы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VIII съезінің табысты өтуіне тілек білдіріп, бұл іс-шара сындарлы диалог және әлемдік дінаралық өзара іс-қимылды нығайту үшін маңызды алаң болатынын атап өтті.
Анықтама: Эфиопия – әлемдегі ең көне елдердің бірі, бай мәдени және діни мұраға ие (христиан діні IV ғасырдан, ислам VII ғасырдан бері ұстанылады). Бүгінде ел халқы 125 миллионнан асады, оның 44%-ы христиандар (негізінен Эфиопия православие шіркеуінің өкілдері), 34%-ы мұсылмандар және 23%-ы евангелистер.
Негізгі діни топтарды біріктіру мақсатында 2010 жылы Эфиопияның дінаралық кеңесі (IRCE) құрылды – діни бостандықты, үйлесімділікті және өркендеуді қолдау мақсатында елдің негізгі діни қауымдастықтарын біріктіретін ұйым.