Наурыз мерекесін Африканың дипломатиялық астанасында жылы қарсы алды

Наурыз мерекесін Африканың дипломатиялық астанасында жылы қарсы алды

Аддис-Абеба, 2023 жылғы 30 наурыз - Африка одағының астанасы Аддис-Абеба қаласындағы Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінің жанында орналасқан «Абай» мәдени орталығында Наурыз мерекесі өтті.

Көктем мен табиғаттың оянуы мерекесі - Наурыз Эфиопиядағы мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, атап айтқанда СІМ, Парламент, саяси партиялар, сауда палатасы, дипломатиялық корпус, Қазақстан достары клубының өкілдерін, бірқатар эфиопиялық басылымдардың журналистерін біріктірді. Сондай-ақ, іс-шараға БҰҰ жүйесінің ұйымдарында, Эфиопиядағы түрлі гуманитарлық пен коммерциялық қоғамдастықтарында жұмыс істейтін қырғыз, тәжік, өзбек, әзірбайжан диаспораларының өкілдері қатысты.

Мереке барысында қатысушылар бір-біріне жаңа жыл құтты болсын деп тіледі. Қазақстан Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов өзінің құттықтауында Қазақстандағы Наурызды тойлаудың ежелгі дәстүрлері туралы айтып, БҰҰ 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп танығанын, ал ЮНЕСКО оны адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының өкілдік тізіміне енгізгенін еске салды.

Эфиопия СІМ-нің Қоғамдық дипломатия департаментінің Бас директоры Елші Дина Мүфти қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтады. «Наурыз-көктемнің келу, табиғаттың жаңаруы мен жаңа бастамалардың мерекесі. Оның дәстүрлері бейбітшілік, бірлік, мейірімділік пен келісім мұраттарын насихаттайтын ежелгі және алуан түрлі мәдени әдет-ғұрыптарды көрсетеді», - деді Д.Мүфти.

ҚР Елшілігі жанындағы «Абай» мәдени орталығының өкілдері Орталық Азия мен Әзірбайжан елдерінің диаспораларымен бірлесіп, біздің өңір халықтарының салт-дәстүрлерін көрсететін концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

Қатысушылар дәстүрлі әндер мен билерді қуана қарсы алды. «Қамажай» және «Қара жорға» қазақ халық билері ұсынылды, «Абай» мәдени орталығының жетекшісі Сәуле Дүйсенова «Агугай» әнін орындап, тамаша вокал көрсетті.

Эфиопия Қазақстан тәрізді көпмәдениетті, көпэтникалық және мультиконфессиялы ел болып табылады. Ғасырлар бойы Эфиопия Ибраһимдік үш дінінің бейбіт қатар өмір сүруінің ерекше орны болды. Эфиопияда біздің заманымыздың VII ғасырында салынған және Мұхамед пайғамбардың серіктері жерленген әлемдегі барлық мұсылмандар құрметтейтін Африкадағы ең көне мешіттің бірі орналасқан. «Мәдени әртүрліліктегі бірлік» және «мәдени алмасу» қағидаттарын көтермелейтін Қазақстан мен Эфиопияның саясатын назарға ала отырып, Африканың дипломатиялық астанасында өткен Наурыз мерекесінде Эфиопия халықтарының дәстүрлі әндері, киімдері мен билері де көрсетілді.

Наурыз мерекесінде ұлттық ойындар, жарыстар және байқаулар да болды. Біздің елдеріміз арасындағы географиялық қашықтыққа қарамастан, қатысушылар Қазақстан мен Эфиопияның мәдениетте, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарда көптеген ұқсастықтар бар екеніне көз жеткізе алды. Наурыз мерекесі бағдарламасына енген ежелгі үстел ойындары «Тоғыз құмалақ» және эфиопиялық «Гебета» («Манкала»), сондай-ақ арқан тарту біздің мәдени ұқсастығымыздың аз ғана бөлігі болып табылады.

Дәстүр бойынша наурызға қатысушыларға Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің дәстүрлі тағамдарынан бай дастархан жайылды.

Мерекелік көңіл-күйді ұлттық сәндік элементтермен және киімдермен әшекейленген қазақ Киіз үйі толықтырды. Киіз үй Қазақстанның Африкалық достары үшін тартымды орынға және Африкадағы дәстүрлі қазақ қонақжайлылығының символына айналды.