Эфиопияда Қазақстанның тәуелсіз даму сабақтары талқыланды

Эфиопияда Қазақстанның тәуелсіз даму сабақтары талқыланды

 Аддис-Абеба, 2021 жылғы 13 желтоқсан – Қазақстан Елшілігінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің қалыптасуы мен дамуындағы рөліне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға СІМ, ғылыми-зерттеу және білім беру орталықтарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен эфиопиялық БАҚ журналистері қатысты.

Конференцияны бастау сөзінде ҚР Елшісі Барлыбай Садықов Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңіндегі негізгі жетістіктері туралы, сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуына қосқан рөлі мен үлесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сонымен қатар, Елші қатысушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы саяси реформалары, «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы, сондай-ақ ҚР әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының өзекті бағдарламалары мен Қазақстандық халықаралық бастамалары туралы хабардар етті.

Іс-шара барысында Эфиопия жұртшылығының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР тәуелсіздігінің негізін құруға және нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, мемлекеттік дамудың қазақстандық жолын зерттеуге шынайы қызығушылық танытты.

Дөңгелек үстел аясында қатысушыларға Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының маңызды кезеңдерін бейнелейтін фотокөрме ұсынылды.