Африка Одағымен мәдениет және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту

Африка Одағымен мәдениет және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту

Аддис-Абеба қ., 2021 ж.22 шілде. – Бүгін Қазақстанның Эфиопиядағы елшісі Барлыбай Садықов Африка Одағы комиссиясының мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қатынастар және спорт мәселелері жөніндегі уәкілі (комиссары) Амира Эль Фадиль ханыммен кездесті.

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ жариялаған 2013-2022 жылдар аралығы Мәдениеттерді жақындастырудың онжылдығы және Африка Одағының 2021 жылғы басты тақырыбы "Өнер, мәдениет және мұра" аясында мәдени саладағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, Елші АО (Африка Одағы) уәкілін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың "Рухани жаңғыру", Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар, соның ішінде белгілі мәдениет қайраткерлердің мерейтойларын өткізу жөніндегі Қазақстанның бағдарламасымен таныстырды. Мәдениеттерді жақындастырудың онжылдығы аясында бір қатар іс-шаралар ұйымдастыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Сондай-ақ, медицина саласында ынтымақтастық мәселесі, оның ішінде Қазақстан вакцинасын Африка елдеріне жеткізу перспективалары талқыланды.

А.Э.Фадиль Қазақстанның коронавирустық пандемиямен күресте ынтымақтасуға және антиковидтік вакцинаны уәкілетті құрылымдар мақұлдағаннан кейін оны Африка елдеріне жеткізу туралы ұсыныстарын қолдады.