Эфиопияда қазақ мәдениеті мен шығармашылығы кеші өтті

Эфиопияда қазақ мәдениеті мен шығармашылығы кеші өтті

АДДИС-АБЕБА, 2021 жылғы 4 шілде – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Ыбырай Алтынсарин, Дина Нұрпейісованың мерейтойларына орайластырылған қазақ мәдениеті мен шығармашылық кеші өтті.

Іс-шараға Эфиопияда тұратын Қазақстан азаматтары және Елшілік ұжымы қатысты. Мәдениет кеші өскелең ұрпақтың қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, ұлы тарихи тұлғалар және олардың қазақ мәдениетін, атап айтқанда әдебиет, поэзия және халық музыкасын дамытуға қосқан зор үлесі туралы білімдерін кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара барысында Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаевтың, сондай-ақ қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған басқа да көрнекті тұлғалардың әдеби және музыкалық шығармалары орындалды.

Мәдени кеш қонақтарына елшілікте Қазақстанның елордасы – Нұр-Сұлтан қаласына арналған, Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің даму қарқынын суреттейтін фотокөрме ұсынылды.

2020 жылы Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінде Абай Құнанбаев атындағы Қазақ мәдени орталығы ашылды. Содан бері Орталық бірқатар маңызды мәдени іс-шаралар өткізді. Өткен жылдың екінші жартысында пандемияға байланысты мәдени орталық өз қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Бүгінгі шара барысында мәдени орталық өз қызметін қайта жандандырды.