Аддис-Абебада Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен халықаралық бастамалары таныстырылды

Аддис-Абебада Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен халықаралық бастамалары таныстырылды

Аддис-Абеба, 2026 жылғы 26 мамыр - Шетелдегі имидждік саясатты күшейту аясында Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігі мәдени семинар ұйымдастырды. Шара ҚР-ның ұлттық бірлікті нығайту, жалпыұлттық тарихты дәріптеу және мәдени құндылықтарға ұқыпты қарау жөніндегі заманауи саясатына арналды.

Мәдени-имидждік шараға халықаралық ұйымдардың өкілдері, жетекші эфиопиялық сарапшылар, «Қазақстан достары клубының» мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Семинар барысында Қазақстанның Елшісі, Африка Одағы жанындағы Тұрақты өкілі Ж.Әділбаев қатысушыларды 2026 жылы халықаралық деңгейде аталып өтілетін Қазақстанның айтулы мерейтойлық күндерімен таныстырды, сондай-ақ еліміздің жаһандық діни және ғылыми дипломатиядағы жетекші рөлін атап өтті.

Өз сөзінде қазақстандық дипломат Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің, сондай-ақ Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның маңыздылығына ерекше тоқталды. Бұл ауқымды іс-шараларды өткізу Қазақстанның түрлі мәдениеттер, өркениеттер мен тарихи дәуірлер арасындағы алтын көпір ретіндегі мәртебесін айғақтайтыны атап өтілді.

Елші Ж.Әділбаев үстіміздегі жылы мерейтойлары кеңінен тойланып жатқан Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасының көрнекті тұлғалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Қонақтардың назарына ұлттық тарихымыздың алыптары - Жамбыл Жабаевтың (180 жыл), Әлихан Бөкейхановтың (160 жыл), Ахмет Жұбановтың (120 жыл), Шора Сарыбаевтың (100 жыл), Сайын Мұратбековтің (90 жыл) өмір жолдары ұсынылды.

Прогрессивті Қазақстанның тарихи сабақтастығы мен қарқынды заманауи дамуы қатысушыларға арнайы дайындалған фотокөрме форматында көрнекі түрде паш етілді.

Бағдарламаның басты мәдени оқиғасы - аңызға айналған қазақ балуаны, күрестен тұңғыш рет көпдүркін әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен жеңістері туралы баяндайтын «Қажымұқан» көркем фильмінің Эфиопиядағы ресми тұсаукесері болды. Ұлы даланың батырлық рухы мен спорттық мәдениетін паш еткен кинотуынды шетелдік көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, жоғары бағаланды.

Жалпы, семинарға қатысушылар Қазақстанның мәдени дипломатиясына, Астананың бітімгершілік бастамаларына және елдің тарихи мұрасына зор қызығушылық танытып, жүргізіліп жатқан жалпыұлттық бірлік пен жүйелі реформалар саясатына қолдау білдірді.