
Аддис-Абеба, 2026 ж. 22 мамыр – Қазақстан Елшілігінің ұйымдастырумен «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ Бас директоры Ерғали Абдурайымов бастаған қазақстандық делегация мен Эфиопия Ұлттық ветеринария институтының Бас директоры доктор Такеле Абание арасында кездесу өтті.
Кездесу басында Қазақстан Елшісі Жалғас Әділбаев сөзін сөйлеп, бейнеконференция қатысушыларына Қазақстан мен Эфиопия арасындағы ветеринария саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді.
Кездесудің жалғасында Қазақстандық ұлттық холдингінің басшысы өзінің сөйлеген сөзінде QazBioPharm қызметі жайлы, оның институционалдық құрылымы туралы баяндап, Эфиопия Ұлттық ветеринария институтымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға, соның қатарында технологиялар трансферті негізінде бірлесіп вакцина өндірісін құруға және эфиопиялық ғалымдардың біліктілігін арттыруға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Эфиопия Ұлттық ветеринария институтының Бас директоры доктор Т.Абание де қазақстандық делегацияны өз институтының қызметімен таныстырып, алдағы уақытта өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың дамитынына үміт артатынын атап өтті.
Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары бойынша пікір алмасып, басым бағыттарды мұқият зерттеу және осы саладағы ынтымақтастық туралы меморандум жобасын дайындау үшін сарапшылардың бірлескен техникалық тобын құруға келісті.
Кездесу соңында қатысушылар Елшілікке іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, ұзақ мерзімді серіктестікті дамыту және нығайту үшін онлайн келіссөздерді жалғастыруға өзара мүдделі екендігін растады.