
Аддис-Абеба, 2026 ж. 15 сәуір – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР-дың Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев Эфиопия Президентінің халықаралық қатынастар жөніндегі көмекшісі Биниям Эфрем Бетреворкпен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйін талқылап, мемлекетаралық өзара іс-қимылды тереңдету жолдарын белгіледі.
Қазақстандық дипломат 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумның қорытындылары және бірпалаталы Парламентке (Құрылтайға) көшуді және Вице-президент лауазымын бекітуді көздейтін жаңа Конституцияның қабылдануы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Өз кезегінде, эфиопиялық тарап жалпы сайлау қарсаңындағы ішкі саяси жағдайға шолу жасап, елдегі тұрақтылықтың жоғары деңгейін және халықтың жүргізіліп жатқан реформалар бағытына деген сенімін атап өтті.
Әңгімелесу аясында тараптар Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың даму барысы, Эфиопияда бірлескен қазақстандық-эфиопиялық кәсіпорындар құру перспективалары туралы пікір алмасты. Сондай-ақ екі ел арасындағы ықпалдастықты одан ары тереңдету үшін мемлекеттік органдар мен іскер топтардың өзара сапарларын ұйымдастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар тауар айналымын арттыру үшін зор әлеуеттің бар екенін қуаттап, өзара тиімді бастамаларды іске асыру үшін екі елдің іскер топтарына жүйелі қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.