
Аддис-Абеба, 2026 жылғы 28 наурыз – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігінде Эфиопияның дипломатиялық корпусының, Эфиопиядағы Қазақстан достары клубының, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің басын қосқан Наурыз мейрамы салтанатты түрде атап өтілді.
Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев барлық қатысушыларды жылы лебізбен құттықтап, Қазақстандағы Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы туралы айтып берді.
«Қазақстанда Наурыз дәстүрлі Жаңа жыл ретінде тойланады. 2024 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Қазақстанда Наурыз мейрамы 10 күн бойы – 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі. Бұл онкүндік «Наурызнама» деп аталды. Әр күннің Наурыз мейрамының мазмұнына сай келетін өз атауы мен мағынасы бар», - деп атап өтті Елші.
Оның айтуынша, жыл сайын 21 наурыз әлемде Халықаралық Наурыз күні ретінде атап өтіледі. Бұл – көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын білдіретін ежелгі мереке және ол әлемнің көптеген аймақтарында, соның ішінде Балқан түбегінде, Кавказда, Орталық Азияда, Таяу Шығыста, Иранда, Пәкістанда, Үндістанда және басқа да елдерде тойланады. Наурыз бейбітшілік, отбасы, татуласу және тату көршілік құндылықтарын дәріптеп, мәдени әртүрлілік пен халықтар арасындағы достықтың нығаюына ықпал етеді.
Қазақстандық дипломат биылғы жылы христиандардың «Худаде Цоме» оразасының Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Ол қонақтарға Наурыз мейрамының мәдени маңыздылығын, соның арқасында бұл мерекенің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілгенін еске салды.
Іс-шара барысында қатысушылар «Сарыарқа», «Адай», «Көңілашар», «Балбырауын» сияқты дәстүрлі қазақ күйлерін тыңдап, қазақтың ұлттық киімдерінің сұлулығына тәнті болды. Сондай-ақ қонақтарға наурыз көже, бешбармақ, қуырдақ, бауырсақ және қазақ асханасының өзге де дәмдері ұсынылды. Сонымен қатар, жиналған қауымға Қазақстандағы Наурыз мейрамы туралы фильм көрсетілді.
Жалпы алғанда, іс-шараға қатысушылар Наурыз мейрамының жалпыадамзаттық құндылықтарын атап өтіп, бір-бірін көктем, бейбітшілік, келісім және жаңару мерекесімен құттықтады. Олар қазақ халқына бірлік, тыныштық, жақсылық пен бақ-береке тіледі.