Қазақстан делегациясы Африка одағының 39-шы Саммитіне қатысты

Қазақстан делегациясы Африка одағының 39-шы Саммитіне қатысты

Аддис-Абеба, 2026 ж. 16 ақпан – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР-ның Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев бастаған Қазақстан делегациясы 2026 жылғы 14-15 ақпан аралығында Аддис-Абебада өткен Африка одағына (АО) мүше мемлекеттер басшыларының жыл сайынғы 39-шы Саммитіне қатысты.

​Саммитке АО-ға мүше 48 мемлекеттің делегациясы Мемлекет және үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері деңгейінде, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты. Құрметті қонақтар мен серіктестер қатарында БҰҰ Бас хатшысы және Африка одағы жанындағы бақылаушы мемлекеттердің бірқатар жоғары лауазымды өкілдері болды.

​39-шы Саммиттің тақырыбы: «2063 жылға дейінгі күн тәртібінің мақсаттарына қол жеткізу үшін тұрақты сумен жабдықтауды және қауіпсіз санитария жүйелерін қамтамасыз ету» деп жарияланды. Отырыстар барысында су қауіпсіздігі, трансшекаралық су ресурстарын басқару, сумен жабдықтау және санитария саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ континенттегі климаттың өзгеруіне және құрғақшылыққа төзімділікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

​Күн тәртібі аясында Африканың бірқатар елдеріндегі қақтығыстарды реттеу, АО-ның институционалдық реформасын ілгерілету, Африка құрлықтық еркін сауда аймағын құру туралы келісімді одан әрі іске асыру, Африканың жаһандық басқаруға қатысуын кеңейту, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау, сондай-ақ құрлық елдерінің қатысуымен өтетін алдағы халықаралық форумдарға дайындық мәселелері де қаралды.

​Саммит қорытындысы бойынша мүше мемлекеттердің тұрақты даму мақсаттарына, соның ішінде таза су мен санитарияға қолжетімділік саласындағы мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі бірлескен күш-жігерін жандандыруға бағытталған тиісті шешімдер мен декларациялар қабылданды.

​Саммит аясында ҚР Елшісі Ж. Әділбаев Конго Демократиялық Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Н. Наквипонемен, КДР-дың Эфиопиядағы Елшісі Ж. Илунгамен, Панафрикалық Парламенттің Вице-президенті, Эфиопия Парламентінің депутаты доктор А. Гайомен және Джибути Республикасы СІМ департаментінің директорымен, Эфиопияның Туризм, мәдениет және спорт министрлерімен, сондай-ақ Эфиопияда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастық форматтарындағы, соның ішінде БҰҰ мен АО шеңберіндегі өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу болды.