
Аддис-Абеба, 2026 жылғы 2 ақпан – Қазақстанның Эфиопиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-дың Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев Эфиопиядағы ең ірі кофе өндірушілер бірлестігі – «Oromia Coffee Farmer’s Cooperative Union» ұйымының Бас менеджері Д.Дика мырзамен кездесу өткізді.
Достық әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Эфиопия арасындағы сауда байланыстарын нығайту перспективаларын талқылады.
Сұхбаттасушылар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың әлі де толық пайдаланылмай отырған зор әлеуетін атап өтті.
Кездесуде қазақстандық нарыққа жоғары сапалы эфиопиялық кофені жеткізу мәселелеріне, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасында тікелей байланыс орнату мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Елші Қазақстанның сауда нарықтары мен бағыттарын әртараптандыруға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік серіктестікті қолдауға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу барысында тараптар екі елдің қазіргі даму кезеңіне қатысты пікір алмасып, мемлекет басшылары жүзеге асырып жатқан ішкі саяси және экономикалық реформалардың жоғары қарқынын атап өтті.
Атап айтқанда, Қазақстан Елшісі сұхбаттасушыға ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Құрылтайда айтқан негізгі бастамалары туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Мұнда Қазақстанның заң шығарушы билік тармағын трансформациялауды, Вице-президент лауазымын тағайындауды және ұлттық-азаматтық бірегейлікті нығайтуды қамтитын жаңа саяси модельге көшуіне баса назар аударылды.
Өз кезегінде Д.Дади әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және азаматтық қоғамды мемлекеттік басқару ісіне тартудағы Қазақстан тәжірибесіне қызығушылық танытты.
Кездесу соңында тараптар эфиопиялық іскер топтар өкілдерінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру үшін диалогын жалғастыруға уағдаласты. Бұл сапар қазақстандық әріптестермен ынтымақтастық орнатуға, логистикалық мүмкіндіктер мен еліміздің инвестициялық климатын зерделеуге жол ашпақ.