Қазақстан-Конго қатынастарының перспективалары Киншасада талқыланды

Қазақстан-Конго қатынастарының перспективалары Киншасада талқыланды

 

Киншаса, 2025 жылғы 27 қараша - Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Елшісі Жалғас Әділбаевтың жұмыс сапары аясында Конго Демократиялық Республикасының (КДР) Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық, франкофония және конголездік диаспора істері министрлігінде келіссөздер өтті. Конголездік делегацияны КДР Сыртқы істер министрлігінің Бас директоры Франсуа Шабани басқарды.

Келіссөздерге сондай-ақ КДР-дың мемлекеттік органдарының, оның ішінде сауда, көлік, тау-кен өнеркәсібі, қорғаныс, жоғары білім министрліктерінің және т.б. өкілдері қатысты.

Келіссөздер барысында қатысушылардың негізгі назары 2025 жылғы 9-10 қыркүйекте өткен Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Антуан Чисекеди Чиломбоның Қазақстан Республикасына жасаған алғашқы ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне аударылды.

Атап айтқанда, тараптар жақын болашақта екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында дипломатиялық және саяси консультациялар өткізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, дипломатиялық паспорт иелерін өзара визалық талаптардан босату туралы келісім жасасу перспективалары қаралды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту контекстінде мемлекеттік органдар мен іскер топтар өкілдерінің сапарлар алмасуы, инвестиция саласындағы келісім жасасу, көлік-логистикалық өзара іс-қимыл, тау-кен және қорғаныс өнеркәсібі, жоғары білім, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын бірлесіп зерттеу үшін консультативтік тетіктер құру мәселелері талқыланды.

Қазақстан Елшісі Конго Демократиялық Республикасының Африка континентіндегі маңызды әріптестердің бірі екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Астана мен Киншаса арасындағы екіжақты ынтымақтастық үшін үлкен әлеует бар екенін, бірақ қазіргі уақытта оның толық іске асырылмағанын баса айтты.

Өз кезегінде, Ф.Шабани өткізілген келіссөздердің маңыздылығын растап, конголездік тараптың да Астанадағы мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Елшісінің КДР Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама және консулдық қызметінің басшысы Гертруда Бенгонга Элофа ханыммен кездесуі өтті. Әңгіме барысында тараптар консулдық қызмет саласындағы ынтымақтастық перспективалары туралы пікір алмасты.