Эфиопияда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне дайындық талқыланды

Эфиопияда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне дайындық талқыланды

Аддис-Абеба, 2025 ж. 11 тамыз — Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Елшісі Жалғас Әділбаев Эфиопияның Дінаралық кеңесінің Бас директоры Лике Тигухан Тагай Таделемен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы діни, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты.

Елші Ж.Әділбаев 2025 ж. 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне дайындық барысы туралы айтып, Съезд дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтуға, халықтар арасындағы толеранттылық пен өзара түсіністік идеяларын ілгерілетуге ықпал ететін бірегей халықаралық алаң екенін атап өтті.

Л.Таделе алдағы Съезге қатысатынын растап, әртүрлі конфессия өкілдерінің диалогы арқылы өзекті жаһандық сын-қатерлерді шешу жолдарын іздеу мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап көрсетті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Эфиопияның дінаралық келісімді ілгерілету және мәдени байланыстарды нығайту саласындағы өзара іс-қимылын одан әрі дамытуға келісті.

Анықтама: Эфиопия – әлемдегі ең көне елдердің бірі, бай мәдени және діни мұраға ие (христиан діні IV ғасырдан, ислам VII ғасырдан бері ұстанылады). Бүгінде ел халқы 125 миллионнан асады, оның 44%-ы христиандар (негізінен Эфиопия православие шіркеуінің өкілдері), 34%-ы мұсылмандар және 23%-ы евангелистер.

Негізгі діни топтарды біріктіру мақсатында 2010 жылы Эфиопияның дінаралық кеңесі (IRCE) құрылды – діни бостандықты, үйлесімділікті және өркендеуді қолдау мақсатында елдің негізгі діни қауымдастықтарын біріктіретін ұйым.