Аддис-Абеба, 2025 жылғы 27-29 шілде – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүреков бастаған қазақстандық делегация БҰҰ Азық-түлік жүйелерін шолу жөніндегі екінші саммитіне (UNFSS+4) қатысты.
Форумға БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің 100-ден астам өкілдері, Президенттері, үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар, ғалымдар, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Іс-шараны Эфиопияның Премьер -Министрі Абий Ахмед пен Италия Премьер-Министрі Джорджия Мелони ресми түрде ашты. Қатысушыларға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жолдады.
Екі күнге созылған саммит аясында пленарлық отырыстар, министрлер қатысқан дөңгелек үстелдер, инвестициялық диалогтар, халықаралық ынтымақтастық бойынша форумдар және ұлттық тұсаукесерлер өтті. Іс-қимыл күні деп жарияланған бірінші күні көшпелі іс-шаралар, параллель сессиялар және бейресми кездесулер өтті.
Негізгі панельдік пікірталастарда азық-түлік қауіпсіздігі, қаржыландыру және инвестициялар, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) жетудегі мемлекетаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Саммит аясында Е.Тасжүрековтің Эфиопияның Ауыл шаруашылығы министрі Г.Аментемен екіжақты кездесуі өтті. Осы кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті, бұл ретте Қазақстан, жетекші астық экспорттаушыларының бірі ретінде, Эфиопиямен тәжірибе және технологиялармен бөлісуге дайын екенін білдірді. Өз кезегінде, Г.Аменте қазақстандық тәжірибені өз ауыл шаруашылығы секторын дамыту үшін, әсіресе коммерцияландыру жағынан мүдделігін білдірді, өйткені Эфиопия «арабика» кофесінің отаны және оның экспортын кеңейтуге ұмтылуда.
Бұған қоса, осы шара аясында Сербияның Ауыл шаруашылығы министрі Д.Гламочичпен кездесу ұйымдастырылды. А.ж. 7-8 тамызында Астанада өтетін Үкіметаралық комиссия отырысына Сербия делегациясының Қазақстанға сапарына тараптардың дайындығы талқыланып, келіссөздердің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін бастамалар алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Саммиттің қорытынды сессиясының нәтижесінде жаһандық және ұлттық деңгейдегі азық-түлік жүйелерін трансформациялаудың басым бағыттары жөнінде уағдаластықтар қабылданды.