Қазақстан мен Эфиопия ынтымақтастықты тереңдету жолдарын белгіледі

Қазақстан мен Эфиопия ынтымақтастықты тереңдету жолдарын белгіледі

Аддис-Абеба, 2025 жылғы 22 шілде – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Эфиопия Сыртқы істер министрлігінің Орталық шығыс, Азия және Океания мәселелері жөніндегі жаңа тағайындалған Бас директоры Давано Кедир мырзамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылап, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстан мен Эфиопия сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі саяси консультациялардың қорытындысы бойынша қабылданған 2024-2025 жж. арналған Қазақстан мен Эфиопияның ынтымақтастық Жол картасының тармақтарын іс жүзінде жүзеге асыру қажеттілігі атап өтілді. Бұл құжат екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындайды.

Сұхбат барысында 2025 ж. 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне эфиопиялық тараптың қатысуына ерекше назар аударылды.

Тараптар сондай-ақ екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың тиімді механизмі ретінде парламенттік достастық топтарының өзара әрекеттесу мәселелерін талқылады.

Тараптар халықаралық аренада бейбітшілікті, тұрақтылықты және қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды қолдауға, сондай-ақ негізгі халықаралық алаңдарда белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдірді.