Аддис-Абеба, 2025 жылғы 1 шілде - Бірінші проректор және С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің онкология кафедрасының меңгерушісі Д.Қайдарова 2025 жылғы 30 маусым мен 1 шілдеде Эфиопия астанасы Аддис-Абебада өткен «Rays of Hope 2025» (Үміт сәулелері) атты форумға қатысты.
Форум барысында Д.Қайдарова Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) «Rays of Hope» атты бастамасы аясында Қазақстанның қол жеткізген елеулі жетістіктерін таныстырған баяндама жасады. Қатысушы онкологиялық ауруларды емдеу сапасын арттыру және Қазақстанның барлық азаматтары үшін қатерлі ісікке қарсы күрестің озық әдістерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралары туралы толық айтып берді.
“Rays of Hope” форумы онкологияда радиациялық технологияларды пайдалану саласындағы елдердің арасында тәжірибе мен білім алмасудың, сондай-ақ қатерлі ісікке қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың негізгі платформасы болып табылады. Қазақстан өкілінің қатысуы елдің онкологиялық көмекті жақсарту жөніндегі жаһандық күш-жігерге бейілділігін атап көрсетті.
Аддис-Абебаға сапары барысында Д.Қайдарова Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігіне келіп, Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаевпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Эфиопия арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары, сондай-ақ Қазақстанның онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі халықаралық бағдарламаларға қосқан үлесі туралы талқыланды.
Анықтама үшін: МАГАТЭ-нің «Үміт сәулелері» бастамасы мүше мемлекеттерге медициналық бейнелеу, ядролық медицина және сәулелік терапия мүмкіндіктерін құру немесе кеңейту үшін қызметтерге қолжетімділікті жақсартуда, әсіресе адам өмірін құтқаратын осы емдеу құралдары жоқ елдерде қолдау көрсетеді.
2022 жылғы ақпанда іске қосылғаннан бері 90-нан астам мемлекет Агенттіктен қатерлі ісік ауруын емдеуге қолжетімділікті кеңейту үшін қолдау көрсетуді сұрады. МАГАТЭ дүние жүзіндегі табысы төмен және орташа елдерде онкологиялық ауруларды емдеуді қолдау үшін донор-мүше мемлекеттердің, жеке сектордағы компаниялардың және мүше мемлекеттердің даму агенттіктерінің қаражатын жұмылдырады. Бұл қолдау imPACT шолулары, ұлттық онкологиялық жоспарлар мен банк құралдарын әзірлеу, жабдықтарды сатып алу және әлеуетті арттыру сияқты кешенді бастапқы бағалауды қамтиды.