Киншаса, 2025 жылғы 27 қараша - Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Елшісі Жалғас Әділбаевтың жұмыс сапары аясында Конго Демократиялық Республикасының (КДР) Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық, франкофония және конголездік диаспора істері министрлігінде келіссөздер өтті. Конголездік делегацияны КДР Сыртқы істер министрлігінің Бас директоры Франсуа Шабани басқарды.
Келіссөздерге сондай-ақ КДР-дың мемлекеттік органдарының, оның ішінде сауда, көлік, тау-кен өнеркәсібі, қорғаныс, жоғары білім министрліктерінің және т.б. өкілдері қатысты.
Келіссөздер барысында қатысушылардың негізгі назары 2025 жылғы 9-10 қыркүйекте өткен Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Антуан Чисекеди Чиломбоның Қазақстан Республикасына жасаған алғашқы ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне аударылды.
Атап айтқанда, тараптар жақын болашақта екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында дипломатиялық және саяси консультациялар өткізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, дипломатиялық паспорт иелерін өзара визалық талаптардан босату туралы келісім жасасу перспективалары қаралды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту контекстінде мемлекеттік органдар мен іскер топтар өкілдерінің сапарлар алмасуы, инвестиция саласындағы келісім жасасу, көлік-логистикалық өзара іс-қимыл, тау-кен және қорғаныс өнеркәсібі, жоғары білім, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын бірлесіп зерттеу үшін консультативтік тетіктер құру мәселелері талқыланды.
Қазақстан Елшісі Конго Демократиялық Республикасының Африка континентіндегі маңызды әріптестердің бірі екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Астана мен Киншаса арасындағы екіжақты ынтымақтастық үшін үлкен әлеует бар екенін, бірақ қазіргі уақытта оның толық іске асырылмағанын баса айтты.
Өз кезегінде, Ф.Шабани өткізілген келіссөздердің маңыздылығын растап, конголездік тараптың да Астанадағы мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан Елшісінің КДР Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама және консулдық қызметінің басшысы Гертруда Бенгонга Элофа ханыммен кездесуі өтті. Әңгіме барысында тараптар консулдық қызмет саласындағы ынтымақтастық перспективалары туралы пікір алмасты.
Аддис-Абеба, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігінде заманауи жаһандық сын-қатерлер мен Қазақстанның 2025 жылға арналған стратегиялық басымдықтарын ескере отырып, Қазақстан мен Эфиопия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге арналған семинар өтті.
Іс-шараға бизнес-орта өкілдері, қоғамдық ұйымдар, сарапшылар, Қазақстан достары клубының мүшелері қатысты.
Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев сөз сөйлеп, Қазақстанның нарықтарды әртараптандыруға және Эфиопиядағы негізгі серіктестермен байланыстарды нығайтуға бағытталған прагматикалық сыртқы саясатының жандануына назар аударды.
Елші Ж.Әділбаев қатысушыларды Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының 2025 жылға арналған негізгі ережелерімен егжей-тегжейлі таныстырды. Ол елдің жаңа экономикалық күн тәртібі жаңа нарықтарды игеруде және стратегиялық инвестицияларды тартуда «Born Bold» – батыл, шешімді және белсенді бастаманы қажет ететінін атап өтті.
Кездесудің негізгі тақырыбы жаһандық логистикалық ағындарды қайта бағдарлау тұрғысынан Орта дәліздің (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) әлеуетін іске асыру болды.
Эфиопия үшін басым секторлардағы, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен өнеркәсібіндегі Қазақстанның инвестициялық жобалары туралы ақпарат ұсынылды.
Семинарға қатысушылар тауар айналымын ұлғайту үшін кедергілерді және оларды жою жолдарын конструктивті түрде талқылады. Сарапшылар бірлескен кәсіпорындарды іске қосу және екі елдің бизнес-қауымдастықтары арасында тікелей диалог тетігін құру маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара дәстүрлі сауда қатынастарынан өзара тиімділікке және ұзақ мерзімді перспективаға негізделген кешенді инвестициялық әріптестікке көшу өзара мүдделермен ұштасып келетіні туралы және бұл Қазақстанның 2025 жылға арналған сыртқы саяси және экономикалық басымдықтарына толығымен сабақтасатынын көрсетті.
Аддис-Абеба, 7 қараша 2025 ж. – Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР Африка Одағы жанындағы Тұрақты Өкілі Жалғас Әділбаев «Ethiopian Airlines» авиакомпаниясының Бас директорының орынбасары, Лемма Ядеча Гудетамен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Африка құрлығындағы жетекші әуе компаниясы — Ethiopian Airlines арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Басымды мәселе ретінде Астана мен Аддис-Абеба арасында тікелей әуе қатынасын дамыту мүмкіндігі қарастырылды.
Елші Ж.Әділбаев Қазақстан Африка құрлығымен көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға үлкен мән беретінін және халықаралық әуе тасымалы мен өңірлік интеграция саласында бай тәжірибесі бар Ethiopian Airlines компаниясын әлеуеті жоғары әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті. Екі ел арасында тікелей рейстің ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ іскер топтар мен туристер үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал ететіні де назар аударылды.
Өз кезегінде, «Ethiopian Airlines» компаниясының Вице-президенті Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдіріп, африкалық және азиялық жолаушылардың Орталық Азияға деген қызығушылығының артып келе жатқанын мәлімдеді. Ол «Ethiopian Airlines» Қазақстанды Еуропа мен Шығыс Азияны байланыстыратын перспективті нарық әрі транзиттік хаб ретінде қарастырып отырғанын хабарлады.
Тараптар сондай-ақ «Ethiopian Airlines» компаниясының Қазақстанда өткізілетін халықаралық форумдар мен көрмелерге қатысу мүмкіндігі жайында, сондай-ақ Қазақстанның туристік әлеуеті туралы африкалық нарықта хабардар болу деңгейін арттыру бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сарапшылар деңгейде диалогты жалғастыруға, логистика, маркетинг және авиациялық сертификаттау мәселелерін бірлесіп пысықтауға келісті.
Аддис-Абеба, 2025 ж. 20 қазан — Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев Африка Одағы Комиссиясының Төрағасы Махмуд Али Юсуфқа cенім грамоталарын табыс етті.
Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі Африка Одағының штаб-пәтерінде өзара құрмет пен ізгі ниет рухында өтті.
Сұхбат барысында тараптар өзара мүдделі мәселелер бойынша одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Елші Ж.Әділбаев жылы қабылдауға алғысын білдіріп, Қазақстанның Африка елдерімен және Африка Одағы құрылымдарымен, оның ішінде білім, ғылым, тұрақты даму, ЖИ, экология және «жасыл» технологиялар сияқты салалардағы әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, қазақстандық дипломат жаһандық ұйымдар шеңберінде және халықаралық форумдар алаңдарында, соның ішінде Қазақстанда өткізілетін іс-шараларда Қазақстан мен Африка Одағы арасындағы саяси және экономикалық диалог пен байланыстардың жалғасатынына үміт білдірді.
Өз кезегінде Африка Одағы Комиссиясының Төрағасы М.Юсуф Елші Ж.Әділбаевты миссиясының басталуымен құттықтап, Қазақстан мен Африка Одағы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған одан әрі диалог пен өзара іс-қимылға дайын екенін білдірді.
М.Юсуф Орталық Азия өңіріндегі серпінді дамып келе жатқан ел ретінде Қазақстанның рөлін жоғары бағалады. Төраға Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясында дамып келе жатқан Қазақстан мен Африка континенті елдері арасындағы орнатылған конструктивті диалогқа назар аударды және штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымындағы ынтымақтастық туралы Қазақстанның бастамасының маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар достық және өзара түсіністік рухында конструктивті алмасуды қолдауға және өзара тиімді байланыстарды дамытуға ниетті екендіктерін растады.
Аддис-Абеба, 2025 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев Эфиопия Президенті Тайе Атске-Селассиеге сенім грамоталарын тапсырды.
Салтанатты рәсім барысында Елші Ж.Әділбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен жылы лебіздерін жеткізіп, Қазақстанның Эфиопиямен жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Эфиопия Президенті Қазақстан мен Эфиопия арасындағы достық байланыстардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдіріп, Елшінің дипломатиялық қызметіне табыс тіледі.
Қазақстанның жетекші инвестициялық іс-шарасы тағы да әлемдік көшбасшыларды жинағалы отыр!
KGIR 2017 жылдан бері өткізіліп келеді және үкімет, бизнес пен халықаралық инвестициялық қоғамдастық арасындағы ашық диалог үшін беделді платформа ретінде өзін танытты.
2025 жылғы тақырыбы:
«Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық даму орталығы (Хаб)»
Қатысушылар талқылайтын мәселелер:
Биыл форумға 40 елден 700-ден астам қатысушы жиналады — оның ішінде үкіметтердің, трансұлттық корпорациялардың, халықаралық ұйымдардың, инвесторлардың және БАҚ өкілдері бар.
Бағдарламаға панельдік сессиялар, марапаттау рәсімі, келісімдерге қол қою, сондай-ақ B2B және B2G кездесулері кіреді.
KGIR-2025 трендтер қалыптасатын, серіктестіктер құрылатын және өсудің жаңа бағыттары айқындалатын платформа қызметін атқарады.
🔗Қатысушыларды тіркеу мына жерде ашық: www.kgir.kz
#KGIR2025 #InvestInKazakhstan
Аддис-Абеба, 2 қазан 2025 ж. – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігінде 17-18 қыркүйекте Астанада өткен «Діндер диалогы: болашақ үшін синергия» тақырыбындағы VIII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қорытындыларына арналған сарапшылар кездесуі өтті.
Іс-шара Эфиопияның Дінаралық кеңесімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Кездесуге мемлекеттік органдардың өкілдері, елдегі негізгі діни конфессиялардың рухани лидерлері, сондай-ақ мәдениетаралық және конфессияаралық диалог мәселелерін зерттейтін сарапшылар, журналистер және академиялық топтар қатысты.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Қазақстан бастамашы болған Съездің әлемнің әртүрлі елдерінен 100-ден астам делегацияны біріктірген бірегей халықаралық платформаға айналғанын атап өтті. «Астанадағы VIII Съездің Декларациясы жаһандық тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтудағы тиімді құрал ретіндегі діни дипломатияның маңыздылығын растады. Қазақстан әрқашан мейірімділік, әділдік және өзара құрмет сияқты рухани құндылықтар халықаралық қарым-қатынастардың негізіне айналуын жақтады», – деді Қазақстан Елшісі.
Негізгі баяндаманы Қазақстанда өткен Съезге алғаш рет қатысқан Эфиопияның Дінаралық кеңесінің Бас хатшысы Лике Тигухан Тагай Таделе жасады. Ол Съезде қабылданған шешімдердің Африка құрлығының алдында тұрған сын-қатерлермен үндес екенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда әлем қақтығыстар, экстремизм, климаттың өзгеруі сияқты жаңа сындармен бетпе-бет келгенде, біз ынтымақтастық пен өзара қолдауға негізделген ортақ шешімдерді іздеуіміз керек. Қазақстан дінаралық диалогтың рухани бірлікке ғана емес, сонымен қатар тұрақты дамуға да практикалық үлес қоса алатынын көрсетті», – деді Тагай Таделе.
Эфиопияның Съезге қатысуы елдің әлемдік діндер мен рухани дәстүрлердің ежелгі орталықтарының бірі ретіндегі рөлін көрсетті және Эфиопиядағы әртүрлі конфессиялардың бірегей қатар өмір сүру және өзара іс-қимыл тәжірибесін халықаралық қоғамдастыққа жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл оқиға Эфиопияның Астанада басталған жаһандық дінаралық диалогқа қосылуының айқын белгісі болды.
Осы тұрғыда Африка бойынша аймақтық директор Елші Мусси Хайлу сөз сөйлеп, Эфиопияның Дінаралық кеңесі мен Съезд Хатшылығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесін қарастыруды ұсынды.
Іс-шараның соңында сарапшылар кездесуіне қатысушылар Съездің қорытындылары, сондай-ақ Астана мен Аддис-Абеба арасындағы конфессияаралық диалогты одан әрі дамыту перспективаларына қатысты пікірлерімен алмасты.
Құрметті Президент!
Қадірлі Бас хатшы!
Құрметті делегаттар!
Біріккен Ұлттар Ұйымы сексен жылдан бері адамзатқа төнген жаһандық cын-қатерлерді еңсеруде басты рөл атқарып келеді.
Осы жылдар аралығында Ұйым біздің ұжымдық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, бейбітшілікті сақтау, өсіп-өркендеу, кедейлікті азайту, орнықты даму және адам құқығын қорғау бағытындағы ортақ күш-жігерімізді ілгерілетуге бастамашы болды.
Алайда ақиқатқа тура қарауымыз керек: әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Өкінішке қарай, жақсы жаққа қарай өзгерді деп айту қиын.
Дәл сол себепті жер жүзіндегі миллиондаған адам Бірікккен Ұлттар Ұйымына үлкен үмітпен көз тігіп отыр.
Бүгінгі тарихи кездесу – әмбебап және баламасы жоқ Ұйымның іргелі қағидаттары мен мақсаттарына қаншалықты бейіл екенімізді дәлелдейтін орайлы мүмкіндік.
Әйтсе де біз көпжақты институттарға деген сенімнің дағдарысқа ұшырағанын айтпай кете алмаймыз.
Халықаралықтың құқықты өрескел бұзу «қалыпты жағдайға» айналды. Соның салдарынан әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, халықтардың, саяси көшбасшылар мен мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті.
Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етіп, Ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет.
Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс. Мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайды.
Қазіргі буын көшбасшыларының әрекетсіздік танытуға еш құқығы жоқ. Өйткені оның зардабын келесі ұрпақ тартады.
Осы орайда Бірікккен Ұлттар ұйымын жан-жақты реформалау толассыз талқыланатын тақырып емес, нағыз стратегиялық қажеттілік екеніне назар аударғым келеді.
Бізге БҰҰ-ны реформалау жөнінде нақты ұсыныс әзірлейтін жоғары кәсіби және оны еш ойланбастан алға жылжытатын пікірлестер тобын құру қажет. Ұйым бүгінгі сын-қатерлерге және ертеңгі міндеттерге сай болуы керек.
Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғыртуды көздейтін мұндай батыл әрекет Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуға тиіс.
Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек.
Сонымен қатар Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды.
Іс жүзінде орта державалар қазірдің өзінде теңгерімді сақтауға және өзара сенімді нығайтуға үлес қосып, халықаралық қатынаста жағымды рөл атқара бастады.
Ұлы державалардың бастары бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда, мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады.
XXI ғасырда БҰҰ беделін көтеру үшін Ұйымға мүше мемлекеттер бейбітшілік пен қауіпсіздіктің іргесін бекемдейтін нақты қадамдар жасауға тиіс.
Әйтпесе, БҰҰ үнемі мәселенің салдарымен күресуден көз ашпайды. Ал проблеманың түпкі себептері үсті-үстіне көбейе береді.
Біз бұл үдерісті дәл бүгіннен бастай аламыз. Ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына бейіл екенімізді тағы да растауымыз қажет.
Егемендік, аумақтық тұтастық және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаттарының бәрі мүлтіксіз сақталуға тиіс. Ұйым Жарғысын қолайына қарай қолдану оның беделіне нұқсан келтіреді.
Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру.
Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды.
Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді.
Бүгінде біз алаңдатарлық ахуалға куә болып отырмыз: қарулануды шектейтін шарттар сақталмайды, демек, стратегиялық тұрақтылықтың да іргесі сөгіле бастады.
2024 жылы дүние жүзінде әскерді жарақтандыруға кеткен шығын 2,7 триллион долларды құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал жаһандағы зорлық-зомбылықтың шығыны 20 триллион долларға жуықтады.
Сондықтан әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру халықаралық қоғамдастық үшін ең басты басымдық болуға тиіс.
Біз ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастауды қолдаймыз, көпжақты әрекеттің жандануына күш салуымыз керек деп санаймыз.
Кең көлемде алып қарасақ, соғысқұмарлық менталитетін түп-тамырымен жоятын күрделі жұмысқа кіріскен жөн. Бұл жүзеге асыруға болатын шаруа. Бастысы, мемлекеттердің бейбітшілік жолында қанша қаржы жұмсап отырғанын мұқият бақыласақ болғаны.
Қазақстан ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі жаңа диалогқа дайын. Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартты күшейтіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың орындалуына түрткі болу үшін бейресми пікір алмасуларға мән бере аламыз.
Сонымен қатар біз бұған дейін айтқан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынымымызды жүзеге асыруға шақырамыз.
Қазақстан бейбіт тұрғындарға орасан зор залал келтіріп, жаһандық сенімге селкеу түсірген және халықаралық қауіпсіздікті әлсіреткен Украина айналасындағы дағдарысқа алаңдаулы.
Дегенмен аталған қақтығысты тоқтату үшін екіжақты және халықаралық деңгейдегі дипломатиялық күш-жігерді жалғастырып, қос мемлекет ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін саяси икемділік көрсетуі керек.
Территориялық дау-дамайды шешу ешқашан оңай болған емес. Ол келешек ұрпақтың қамы үшін екі жақтың да барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуын талап етеді.
Өшпенділік психологиясы қақтығысқа қатысушы тараптардың бітімге келуіне мүмкіндік қалдырмай, қай-қайсысын да құрдымға жібереді.
Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес.
Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз.
Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады.
Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз әрі БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындаймыз.
Қазақстан Таяу Шығыстағы өңірлік бітімгерлікке бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим келісімі секілді дипломатиялық ұсынымдарды қолдайды.
Егер көшбаcшылық пен саяси ерік-жігер болса, бұл құжаттар араздықты ынтымақтастық пен ортақ игілікке айналдыруға болатынын көрсетеді.
Сондай-ақ біз АҚШ Президентінің араағайындығымен Әзербайжан мен Армения қарым-қатынасының қалыпқа түскенін ерекше ықыласпен қабыл алдық.
Бұл дипломатия мен парасатты шешімнің арқасында ұзақ жылға жалғасқан кез келген қақтығысты реттеуге болатынын дәлелдеді.
Қазақстан осы қағидатқа сүйеніп, дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды.
Қазіргі геосаяси шиеленіске қарап, кейбір саясаткерлер «өркениеттер қақтығысынан қашып құтыла алмаймыз» деген пікір айтып жүр.
Алайда мұндай алауыздық тағдырдың жазуы емес, олардың саяси таңдауы.
Ғылым, медицина, спорт, дін және мәдениет сияқты жаһандық игіліктер геосаяси бөліністің құралына айналмауға және санкция салуға себеп болмауға тиіс. Адамзат өміріндегі бұл ізгі құндылықтар бізді гуманизм идеясына біріктіреді.
Саясаткерлер жауапкершіліктен жұрдай мәлімдеме жасағанда немесе дін мен болмысты саяси ұпайын түгендеу үшін бұра тартып, ағат әрекетке барғанда сенімге селкеу түсіп, бейбітшілікке ұмтылған ерік-жігер жасиды.
Анығында, саяси көшбасшылық – бір-біріне күмән-күдікпен қарап, менмендік таныту емес, өзара түсіністік пен құрметтен тұрады.
Әлемге тірек болып тұрған толеранттылық пен парасаттылық заң үстемдігіне арқа сүйеуі қажет.
Құрметті әріптестер!
Біз жікке бөлінушілік барған сайын күшейіп, инвестиция ағынына қатысты саяси сыңаржақ ұстаным белең алғанына куә болып отырмыз.
Соның салдарынан былтыр әлемдегі тікелей шетел инвестициясының көлемі 1,5 триллион долларға дейін қысқарды. Қазақстан инвестиция саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуді табанды түрде жақтайды. Тәуелсіздіктің 30 жылында ел экономикасына 400 миллиард доллардан астам қаржы тартылды.
Біз әрқашан ашық нарық қағидаттарына сүйенеміз әрі бұл мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты болып қала береді.
Еуразия төсінде орналасқан Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызына қызмет көрсететін логистикалық хаб ретінде шешуші рөл атқарады.
Біз көлік-транзит инфрақұрылымына, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасына, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізіне және Транскаспий көлік бағытына ондаған миллиард доллар инвестиция саламыз.
Қазақстан қалыптасып келе жатқан жаһандық көлік жүйесінің өзегі саналатын аймақтық жеткізу тізбегін дамытуды жалғастырады.
2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз.
Еліміз Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Ондағы міндеттер мемлекеттік жоспарлауда және бюджет жобасын әзірлегенде ескеріледі.
БҰҰ Бас хатшысы мен Ұйымға мүше мемлекеттердің қолдауының арқасында Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды.
Бүгінде Орталық Азияның бірлігі мен өзара сенімі жаңаша сипат алып, өңір халықаралық бейбітшілік пен прогрестің белсенді қатысушысына айналды.
«Орталық Азия бестігі» ынтымақтастығын нығайтуда. Сол арқылы тату көршілік дамуға да, қауіпсіздікті күшейтуге де оң септігін тигізетінін дәлелдеп отыр.
Соның арқасында біздің өңір әлемдегі негізгі серіктестерімен «Орталық Азия плюс» форматында диалог жүргізе бастады.
Қазақстан Ауғанстанның инклюзивті дамуын аймақтағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі деп санайды.
Біз ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетіп, сауда, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және көлік тасымалы салаларындағы ықпалдастығымызды жалғастыра береміз.
Құрметті делегаттар!
Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтқан абзал.
Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алды. Жоспарлы іс-әрекетіміздің арқасында, соның ішінде халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалдық.
Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде еліміз бұл маңызды бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырады.
Дегенмен Каспий теңізі күннен күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды.
Сондықтан аймақтағы серіктестерімізді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырамыз.
Былтыр Қазақстан Франция, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп One Water саммитін өткізді.
Болашақта су тапшылығын болдырмау мақсатында анағұрлым тығыз үйлестіру, инвестиция және орнықты шешім қажет.
Аталған мәселені күн тәртібіне шығару үшін еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа халықаралық құрылымдармен серіктесе отырып, келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы міндеттемелеріміз аясында елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл қозғалыс тазалыққа, қоқыс жинауға және экологиялық ағартушылыққа атсалысатын миллиондаған еріктіні ортақ іске жұмылдырады.
Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрін осы маңызды бастамаға қолдау білдіріп, ынтымақтастық орнатуға шақырамыз.
Осы орайда Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынамын.
Қымбатты достар!
Қазақстан жасанды интеллектіні технологиялық жетістік деп қана емес, адамзат прогресіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарастырады.
Алайда жасанды интеллектіні дамытудың тәуекелдері де бар. Атап айтқанда, ол технологиялық, экономикалық және геосаяси теңсіздіктердің күшеюіне әкеледі. Сондай-ақ этика нормалары бұл эволюцияның соңында қалып қоюына жол бермеуіміз керек.
Әділеттілік, жауапкершілік және адам құқықтарын қорғау мәселелері жедел әрі нақты шешілуге тиіс.
Бұл үшін әр ел ЖИ артықшылықтарын пайдалана алатындай ұжымдық күш-жігер қажет.
Қазақстан БҰҰ аясында Жасанды интеллектіні басқару бойынша жаһандық диалогтың басталуын қолдайды.
ЖИ саласындағы қауіпсіздік, инклюзивтілік және адамға бағдарлану міндетті түрде ескерілуі үшін аталған платформа жұмысына белсенді түрде атсалысуға дайынбыз.
Қазақстанда жасанды интеллект экономика мен мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық секторына енгізіледі.
Қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың базалық инфрақұрылымы жасақталып жатыр. Дарынды жас мамандарымыз мұны іске асыруға әзір.
Біздің стратегиялық мақсатымыз – үш жылдың ішінде Қазақстанды толық цифрланған елге айналдыру.
Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды.
Электрондық үкімет ұлттық даму стратегиямыздың негізгі элементі саналады.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің шамамен 90 пайызы цифрлық форматта ұсынылады.
Жуырда Қазақстанда ең қуатты ұлттық суперкомпьютер іске қосылды.
Дегенмен ЖИ мен автоматтандыру көптеген елде жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін.
Сондықтан цифрлық прогресс кәсіптік білім берумен қатар жүргізілуі қажет.
Қазақстан жұмыспен қамтуды арттырып қана қоймай, кәсіптік мамандықтардың мәртебесін көтеруді аса маңызды деп санайды.
Ханымдар мен мырзалар!
Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде Әділетті Қазақстан құруды көздеген жаңғыру саясатын батыл жүргізіп жатырмыз.
Соңғы үш жылда біздің аймақта бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық реформалар жасалды.
Жалпыұлттық референдум арқылы Президентті жеті жылға бір мерзімге сайлайтын норма енгізілді. Бұл демократия қағидаттарына сай есептілікті күшейтеді.
Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанамыз.
Қазақстанды жаңғырту ұстанымын басшылыққа ала отырып, елімізде бір палаталы Парламент құру мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсындым.
Мақсатымыз – саяси жүйенің қоғам сұранысына сай ашықтығы мен тиімділігін арттырып, оны ұдайы жетілдіру.
Бұл реформалардың басты қағидасы: Заң және тәртіп бәрінен жоғары тұруы керек.
Біз парасаттылыққа және заң үстемдігіне арқа сүйейтін басқару жүйесі ғана қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді деп санаймыз.
Бұл халықаралық инвестицияларға, сауда байланысына және елдің қарқынды дамуына оңтайлы жағдай жасайды.
Заңды мүлтіксіз сақтайтын азаматтардың мүддесін қорғау – әділеттілікке, есеп беруге және өзара құрметке негізделген басты басымдықтарымыздың бірі.
Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді.
Биыл экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл біздің аймақтағы ең ірі экономиканың орнықтылығын қуаттай түседі.
Дегенмен бұл жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Біз ұзақ мерзімді дамуға бағытталған күш-жігерді жалғастырамыз.
Қазақстанның энергетикалық стратегиясы төрт салаға негізделген: мұнай-газ, көмір, уран және аса маңызды минералдар. Бұл құнды ресурстар сенімді энергетикалық серіктестіктің негізі бола алады.
Климат өзгерісі мен «жасыл» күн тәртібін көмір кені секілді орасан зор энергетикалық ресурсқа бай елдер қабылдай бермейді. Өйткені бүгінде озық технологияның арқасында оны тазаланған күйінде пайдалануға болады.
Сондықтан біз 35 жыл ішінде елімізді декарбонизациялау жөнінде міндеттеме алдық. Тек жаңартылатын энергия көмегімен бүкіл энергетикалық мәселені шешу мүмкін емес.
Ауыл шаруашылығы – әлемдік нарықта зор әлеуетке ие жетекші саламыздың бірі.
Қазақстанның астық экспортындағы әлеуеті – 12 миллион тонна. Бұл халықаралық нарықтың басым бөлігін қамтиды және көлік байланыстарын жақсарту есебінен сауданы кеңейтудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
Біз сыртқы саудамыздың инклюзивтілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ете отырып, оны одан әрі әртараптандыру мақсатында барлық негізгі халықаралық серіктестерімізбен және аймақтағы мүдделі елдермен ынтымақтастықты жалғастырамыз.
Жоғары Мәртебелі!
Ел ішіндегі мемлекеттік басқару реформаларын тереңдету және шетелдегі жаһандық басқаруды қолдау – басты бағдарымыз. Біз бұл бағытты берік ұстанамыз.
Қазақстан араағайындық және бітімгер рөлін жалғастырады. Біздің таңдауымыз: үстемдік емес – тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік.
Біз халықаралық қоғамдастықтың басқа да мүшелерімен бірлесе отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік, әділеттілік және ынтымақтастық шамшырағы екенін растауға дайынбыз.
Рақмет!
Нью-Йорк қаласы, 2025 жылғы 24 қыркүйек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында ҚХР-дың жаһандық даму және жаһандық басқару саласындағы бастамалары бойынша жоғары деңгейдегі кеңесте сөз сөйледі. Іс-шара «Жаһандық дамудың жарқын келешегін бірлесе құру, бастапқы ұмтылыстарға адалдық» тақырыбына арналды.
Мемлекет басшысы аса маңызды әрі дер кезінде ұйымдастырылған жиын үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді.
– Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің көреген басшылығы мен анағұрлым әділ, инклюзивті әрі тиімді халықаралық ынтымақтастық орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Осы орайда Қазақстан геосаяси және экономикалық сын-қатерлерге жауап беретін Қытайдың жаһандық бастамасын толығымен құптайды, – деді Президент.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Орнықты даму мақсаттарына тезірек жетуге ықпал ететін Жаһандық даму бастамасына (Global Development Initiative) еліміздің қолдау көрсететінін жеткізді.
– Бұл ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Тяньцзинде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіндегі Қытайдың кейінгі стратегиялық ұсынысына – Жаһандық басқару бастамасына (Global Governance Initiative) сай келеді. Аталған бастама тұрлаусыз әлемге оң әсер етіп, көптеген елдің мақсат-мұратын айқын жеткізуіне көмектеседі. Осы ретте негізгі рөлді Біріккен Ұлттар Ұйымы атқаратын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл бастама егемендік теңдігін қамтамасыз ету, халықаралық құқық үстемдігі, көпжақты институттарды нығайту, сондай-ақ адамдардың игілігі мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлемдік тәртіпті ілгерілету секілді өзекті мәселелердің шешімін ұсынады.
– Жаһандық басқару бастамасы, ең алдымен, цифрлық технологияға, қауіпсіз киберкеңістікке және ғарыш кеңістігіне әділ қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл нормативтік-құқықтық база мен жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық стандарттарын әзірлеу тұрғысынан өте өзекті. Осы орайда Қазақстан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру жөніндегі ұсынысын қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент Жаһандық басқару бастамасы 150-ден астам ел қосылған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының міндеттерімен үндес екенін жеткізді.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық бастаманы жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастық БҰҰ-ның негізгі мақсаттарына жетуге септігін тигізетінін атап өтті.