Қазақстан мен БАӘ арасында кинематография саласын дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстан мен БАӘ арасында кинематография саласын дамыту мәселелері талқыланды

Әбу Даби, 2025 жылғы 9 қаңтар – Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Нажмедин Мұхаметәліұлы БАӘ Мәдениет министрінің орынбасары Мубарак Ән-Нахимен кездесті.

Кездесуде мәдениет, өнер, киноиндустрия салалары бойынша ынтымақтастықты ілгерілету мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Қазақстан диломаты қазіргі уақытта Қазақстан кинематография саласын өркендетуге баса мән беріп отырғанын атап өтіп, еліміздің аумағын шетелдік фильмдерді түсіру локациясы ретінде пайдалану мүмкіндігі жөнінде айтты. Осы ретте, Біріккен Араб Әмірліктерімен кино саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесіне назар аударып, діні бір, мәдениеті ұқсас Әмірліктердің кино саласы мамандарын Қазақстанда фильмдер түсіруге шақырды.

Өз кезегінде, Мәдениет министрінің орынбасары екі ел арасындағы мәдени байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, бұл бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға Әмірліктер тарапының бейілді екенін жеткізді.

Сонымен қатар, тараптар алдағы уақытта ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралар жөнінде пікір алмасты.