Әмірліктер Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысын жоғары бағалайды

Әмірліктер Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысын жоғары бағалайды

Әбу Даби, 2024 жылғы 22 қараша – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Нажмедин Мұхаметәліұлы БАӘ Толеранттылық және қатар өмір сүру министрі шейх Наһаян бен Мубарак Әл Наһаянмен кездесіп, дінаралық диалогты ілгерілету ісіне қосқан зор үлесі үшін оған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Құрмет медалін табыс етті.

Кездесу барысында тараптар бейбіт қатар өмір сүру және толеранттылық идеяларын ілгерілету бойынша ортақ көзқарастар мен ынтымақтастықты талқылады.

Шейх Наһаян бен Мубарак Әл Наһаян Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жаһандық деңгейдегі ерекше рөлін айта отырып, рухани көшбасшылардың қазіргі геосаяси жағдайдағы өзекті мәселелерді шешудегі ықпалын ерекше бағалады.

Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі Нажмедин Мұхаметәліұлы Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға деген берік ұстанымын жеткізіп, БАӘ-нің толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарын ілгерілету жолындағы табыстарын атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан дипломаты қазіргі уақытта елімізде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Kazakhstan Born Bold» бастамасы қолға алынғанына тоқталып, бұл акция Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, дәстүрлі секторларға тәуелділікті төмендетуге ықпал ететінін, сондай-ақ еліміздің жасанды интеллект пен технологиядан жаңартылатын энергия мен қаржыға дейінгі жаңа индустрияларда көшбасшы ретіндегі орнын нығайтуға септігін тигізетінін жеткізді.