Әмірліктер Қазақстанмен парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Әмірліктер Қазақстанмен парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Ү.ж. 17 қаңтарда Қазақстанның Әмірліктердегі Елшісі М.Меңілбеков БАӘ Федералды ұлттық кеңесінің төрағасы Сақр Ғобашпен кездесті.

Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде парламентаралық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықты ілгерілету жолдары талқыланды.

Елші М.Меңілбеков С.Ғобашты өткен жылы қарашада Федералды ұлттық кеңестің төрағасы болып қайта сайлануымен құттықтап, кеңестің қызметіне табыс тіледі. Бұдан бөлек қазақстандық дипломат Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан және «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделетін маңызды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар туралы, оның ішінде Конституцияға соңғы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.

С.Ғобаштың айтуынша Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынастар екі елдің басшылығының қолдауымен және әр түрлі деңгейде ұйымдастырылатын өзара сапарлардың нәтижесінде жылдан жылға қарқынды дамып келеді.

Тараптар парламентаралық ынтымақтастыққа қосымша серпін беру мақсатында ынтымақтастық топтың қызметін жандандыру және екі елдің парламент басшылығының өзара сапарларын ұйымдастыру маңыздылығына тоқталды.

          Кездесудің қорытындысы бойынша парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытында бірлесіп жұмыс атқару туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.