«Алтай – колыбель тюркской цивилизации» как важный элемент культурно-гуманитарного сближения в рамках ОТГ

«Алтай – колыбель тюркской цивилизации» как важный элемент культурно-гуманитарного сближения в рамках ОТГ

«Алтай – түркі өркениетінің бесігі» атты бастама Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы мәдени-гуманитарлық ынтымаққа жол ашады


Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) – аталған бірлестікке мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірегей өңірлік ұйым. Бүгінде ұйым құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді.

Қазақстан – түркі интеграциясы бастамашыларының әрі негізгі мүшелерінің бірі. Еліміз ТМҰ құрылған сәттен бастап ұйым аясындағы саяси диалогты тереңдету мен институционалдық дамуды дәйекті түрде ілгерілетіп келеді.

Қазақстан көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды белсенді түрде ұсынады. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» ұзақмерзімді стратегиялық құжат – соның айқын дәлелі.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ саммиті барысында ұсынған «Трансалтай диалогы» бастамасын ілгерілету – маңызды бағыттардың бірі. Бұл бастама Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолияны қамтитын, аумағы, халқы және экономикалық әлеуеті жағынан ірі еуразиялық Алтай өңірінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталған.

Мемлекет басшысы Ресей тарапы ұсынған «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» тұжырымдамасын қолдайды.

«Алтай – түркілердің атажұрты. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы» атты ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Қ.Тоқаев ежелден түркі халықтарының алтын бесігі саналған Алтай аумағы бүгінде Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолияны байланыстырып отырғанын айтты.

Осы орайда ұсынылған диалог аумағы, халқы және экономикалық қуаты жағынан бірегей еуразиялық Алтай өңірінің әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған. Бұл формат қолданыстағы өзара іс-қимыл тетіктеріне балама ретінде емес, керісінше еуразиялық өзара байланыстарды күшейтетін және қазіргі интеграциялық үдерістерді толықтыратын бастама ретінде сипатталады.

Қазақстан заманауи, ашық және бәсекеге қабілетті түркі кеңістігін қалыптастыруды дәйекті түрде қолдайды. Бұл технологиялық прогресс, цифрландыру, инновациялық даму және жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы ортақ ілгерілеуге негізделуі керек.

Осы тұрғыда түркі мемлекеттерінің жаһандық экономикалық және технологиялық үдерістерге ықпалдасуына, адами капиталды дамытуға, білім мен ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беріледі.

Қазақстан ТМҰ аясындағы өзара іс-қимылдарды әскери-саяси одақ қалыптастыру құралы ретінде емес, ең алдымен, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, сондай-ақ бауырлас түркі халықтары арасындағы өзара сенімді нығайтудың негізі ретінде қарастырады. Сондай-ақ, қауіпсіздік және әскери ынтымақтастық мәселелері ТМҰ мемлекеттері арасында негізінен екіжақты форматта, әр елдің ұлттық мүдделері мен сыртқы саяси басымдықтарын ескере отырып жүзеге асырылады.

Осылайша, Қазақстан түркі әлемін тек мәдени-тарихи кеңістік ретінде ғана емес, прогресс, инновация және ашық халықаралық ынтымақтастық алаңы ретінде дамытуға дәйекті түрде ықпал етіп келеді. Бұл ретте технологиялық даму, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Аталған бағыттар Түркістан қаласында өткен ТМҰ бейресми саммитінің тақырыбымен де толық үндеседі. Мұндай тәсіл түркі халықтарының бай тарихи мұрасын қазіргі жаһандық үрдістермен және ашық әлем құндылықтарымен үйлесімді ұштастыруға мүмкіндік береді.