Қазақстанның арнайы өкілі Мемлекет басшысының жолдауын БАӘ басшылығына табыстады

Қазақстанның арнайы өкілі Мемлекет басшысының жолдауын  БАӘ басшылығына табыстады

Абу Даби, 2026 жылғы 15 сәуір – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде Абу Дабиге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы өкілі Ернар Лазар Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-министрінің орынбасары әрі Президент істері жөніндегі министрліктің басшысы Мансур бен Заид Әл Наһаянның қабылдауында болды.

Кездесу барысында қазақстандық арнайы өкіл Таяу Шығыстағы қазіргі күрделі геосаяси кезеңінде бауырлас елге қолдауын қайта растайтыны жөніндегі ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Әмірліктердің көшбасшысы Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға арналған жолдауын табыстады.

Жолдауда Мемлекет басшысы Иранның Шығанақ елдеріне, оның ішінде Әмірліктерге жасаған негізсіз шабуылдарын тағы бір мәрте айыптап, Қазақстан әр қашан халықаралық құқық нормаларын сақтауды, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуді қолдайтынын жеткізген. Сондай-ақ, Қазақстан халықаралық күрделі проблемалар мен қарулы қақтығыстардың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешуді ұдайы жақтайтыны айтылған.

Сонымен қатар, Е.Лазар ҚР Президенті Қ.Тоқаев  Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның Қазақстан мен Әмірліктердің көпқырлы ынтымақтастығын нығайтуға қосып жатқан сүбелі үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

         Бұл тұрғыда тараптар стратегиялық әріптестік шеңберінде екіжақты қарым-қатынастардың негізгі аспектілері бойынша пікір алмасып, жан-жақты ықпалдастықты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады.