Абу Дабиде қоршаған ортаны қорғау және су дипломатиясы мәселелері талқыланды

Абу Дабиде қоршаған ортаны қорғау және су дипломатиясы мәселелері талқыланды

Абу Даби, 2026 жылғы 11 наурыз – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек Абу Дабидің Қоршаған ортаны қорғау агенттігі Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары әрі Агенттіктің Атқарушы комитетінің төрағасы Мұхаммед бен Ахмед әл-Бауардимен кездесті.

Кездесу барысында қазақ дипломаты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың атынан
биыл 22-24 сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке шақыруды табыстады.

Елші Р.Жұмабек сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы ақпарат беріп, жаһандық су дипломатиясын дамыту үшін мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Осы тұрғыда тараптар Қазақстан мен БАӘ-нің экологиялық және су жөніндегі мәселелерді ілгерілету бағытындағы күш-жігері өзара толықтыруды қажет ететінімен, оның ішінде Әмірліктер тарапының 2026 жылғы желтоқсанда Абу Дабиде өтетін БҰҰ-ның III Су конференциясына дайындық аясында ерекше мәні бар екенімен келісті. Сонымен қатар, екі елдің бұл бағыттағы іс-қимылдары үйлестіруге әрі табиғи ресурстарды тұрақты басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғаны айтылды.

Өз кезегінде Мұхаммед бен Ахмед әл-Бауарди Әмірліктер тарапының Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.

Сондай-ақ, ол елімізде жүзеге асырылып жатқан Сұңқарларды табиғатқа жіберу жөніндегі шейх Заид бағдарламасының экологиялық маңызын атап өтіп, бұл бастама жыртқыш құстардың популяциясын қалпына келтіруге және табиғи тепе-теңдікті сақтауды көздейтінін айтты.

Кездесу соңында тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Абу Даби Қоршаған ортаны қорғау агенттігі арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және бірлескен жобаларды әзірлеуге маңызды алаң бола алатынын атап өтті.

Анықтама: Мұхаммед бен Ахмед әл-Бауарди – БАӘ-нің тәжірибелі мемлекеттік қайраткері. Ол елдің қорғаныс саясатын қалыптастыруға, ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосқан, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметке белсенді қатысады.

- 2016–2024 жж. – БАӘ Қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министрі;

- 2024 жылдан бастап – Абу Даби Қоршаған ортаны қорғау агенттігі Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары және Агенттіктің Атқарушы комитетінің төрағасы.

Абу Даби Қоршаған ортаны қорғау агенттігі – 1996 жылы құрылған мемлекеттік орган, сондай-ақ агенттік экологиялық саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру, табиғи ресурстарды қорғау мәселелеріне жауап береді. Ол биоалуантүрлілікті сақтау, қоршаған ортаның жай-күйін мониторингтеу және БАӘ-де табиғатты тұрақты пайдалануды дамыту бағытында жұмыс жүргізеді.