Жасанды интеллект саласындағы қазақ-әмірліктер ынтымақтастығына жаңа серпін

Жасанды интеллект саласындағы қазақ-әмірліктер ынтымақтастығына жаңа серпін

Абу Даби, 2025 жылғы 29 қазан – Мухаммед бен Заид атындағы жасанды интеллект университетінде (MBZUAI) Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Рауан Жұмабек пен Университеттің проректоры, профессор Тимоти Болдуиннің кездесуі өткізілді.

Кездесу барысында тараптар білім, ғылым және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Қазақ дипломаты MBZUAI университетінің жасанды интеллект, машиналық оқыту және табиғи тілді өңдеу бағыттарындағы әлемдік жетекші ғылыми орталықтардың бірі ретіндегі маңызды рөлін атап өтті.

Өз кезегінде профессор Т.Болдуин Қазақстанның жоғары білім жүйесін жаңғырту, ғылыми зерттеулерді дамыту және жасанды интеллектті өркендету мәселелеріне Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық назарын жоғары бағалады.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысының ү.ж. 13–15 қаңтарда БАӘ-ге жасаған ресми сапары және оның жасанды интеллект саласындағы жетекші мекемелер мен компаниялардың өкілдерімен кездесуі инновациялар мен жоғары технологиялар саласындағы қазақ-әмірліктер ынтымақтастығын дамытуға жаңа серпін бергені атап өтілді.

Аталған сапар барысында Президент Қ.Тоқаев экономиканы жаңғырту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жасанды интеллектінің әлеуетін пайдаланудың маңыздылығын айтты.

Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық алмасулар ұйымдастыру, сондай-ақ жасанды интеллект этикасы әрі басқару салаларында ортақ зертханалар мен бастамаларды құру арқылы әріптестік байланыстарды нығайтуға өзара мүдделілік білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі практикалық қадамдарды талқылау мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қатысуымен келіссөздер өткізу жөнінде уағдаласты.