Абу Даби, 2025 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Әмірліктердегі Елшісі Рауан Жұмабек Біріккен Араб Әмірліктерінің Әділет министрі Абдалла бен Султан әл-Нуеймимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың, атап айтқанда іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялаудың, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетудің бірқатар мәселелерін талқылады.
Қазақстандық дипломат қылмыстық істер бойынша адамдарды ұстап беру және құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларды орындау бойынша орталық орган ретінде БАӘ Әділет министрлігінің маңызды рөліне назар аударып, көмек көрсетіп жатқаны үшін А. әл-Нуеймиге алғыс білдірді.
Әмірліктердің Әділет министрі Қазақстанмен қарым-қатынастардың даму динамикасына оң бағасын бере отырып, талқыланған барлық мәселелер бойынша тиісті қолғабыс көрсетуге дайындығын білдірді.
Тараптар екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту мен нығайту мақсатында барлық қажетті күш-жігерлерін жұмылдыратынына келісті.