Абу Даби, 2025 жылғы 24 қыркүйек – Біріккен Араб Әмірліктерінің Khalifa University алаңында ұйымдастырылған «AI Futures Summit – Empowering Higher Education» халықаралық саммитіне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, жоғары білім саласындағы жасанды интеллектінің болашағы, ұлттық саясат пен серіктестіктің рөлі туралы пікір алмасты.
С.Нұрбек саммиттің «Shaping National Futures Through Policy, Partnerships, and Innovation» атты отырысында сөз сөйлеп, Қазақстанның жоғары білім мен ғылымды цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы стратегиялық бастамалары жөнінде пікірімен бөлісті.
Аталған іс-шара аясында Министр Халықаралық университеттер қауымдастығының Бас хатшысы, профессор Амр Эззат Саламамен, Sorbonne University Abu Dhabi профессоры Натали Марсиаль-Бразбен және Саммиттің негізгі ұйымдастырушысы «Knowledge E» компаниясының басшысы К.Карданмен жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша екіжақты кездесулер өткізді.
Нәтижесінде қазақстандық жоғары оқу орындары мен жетекші шетелдік университеттер арасында өзара әрекеттестікті белсендіру, бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық бағдарламаларды дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.