Қазақстан мен Әмірліктер авиациялық ынтымақтастықты дамытуда күш біріктіруге ниетті

Қазақстан мен Әмірліктер авиациялық ынтымақтастықты  дамытуда күш біріктіруге ниетті

Абу Даби, 2025 жылғы 16 қыркүйек – Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек БАӘ Азаматтық авиация жөніндегі бас басқарманың Бас директоры Саиф әл-Суейдимен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы өзара әрекеттестік мәселелерін, оның ішінде әуе қатынасты дамытуды, екі ел арасындағы жолаушылар рейстерінің орындалуын, тағайындалған пункттердің санын арттыруды, сондай-ақ тұрақты әуе тасымалдарына қатысты басқа да мәселелерді талқылады.

Р.Жұмабек сұхбаттасушыны халықаралық бағыттардың жағрафиясын кеңейту және қолданыстағы маршруттар бойынша рейстердің санын арттыру жөнінде қазақстандық тараптан қабылданып жатқан шаралар туралы мағлұмат берді.

Сонымен қатар, құқықтық базаны жетілдіру әрі әуе қатынастарды қайта жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл қадам Қазақстан мен БАӘ арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қуатты серпін бермек.

 

Қазіргі уақытта екі ел арасында аптасына 7 бағыт бойынша
60 тұрақты әуе рейсі орындалады. Тасымалдауды Қазақстанның
«Air Astana» әуе компаниясы, сондай-ақ Әмірліктердің «Fly Dubai» және
«Air Arabia» әуе тасымалдаушылары жүзеге асырады.