Абу Даби, 2025 жылғы 9 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Елшісі Р.Жұмабек БАӘ-нің Жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу қосымшалары жөніндегі мемлекеттік министрі Омар бен Сұлтан әл-Оламамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар цифрландыру, цифрлық экономика және жасанды интеллект салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, әсіресе Қазақстандық IT мамандардың БАӘ нарығына шығу мәселесіне ерекше назар аударды.
Елші 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауын жариялағанын атап өтіп, оның басты мазмұны жасанды интеллектіні дамыту мен цифрлық трансформацияны ілгерілетуге бағытталғанын жеткізді Оны жүзеге асыру аясында жақын арада Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады.
Сонымен қатар, биылғы қазан айының 13-17 аралығында Дубайда өтетін ең ірі GITEX Global 2025 технологиялық көрмесіне Қазақстанның қатысуы жоспарланғаны туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде, министр өзіне жүктелген бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды уақытылы және сапалы жүзеге асыруға келісті.