Абу Даби, 2025 жылғы 19 тамыз – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Р.Жұмабектің БАӘ Инвестициялар жөніндегі вице-министрі М.Әл-Хауи мырзамен кездесуі өтті. Келіссөздердің негізгі тақырыбы екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің практикалық қадамдары болды.
Тараптар биылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абу Дабиге сапары және Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның Астанаға ресми сапары барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген нақты инвестициялық жобалардың іске асырылу барысына ерекше назар аударды. Екі елдің экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар барлық қол жеткізілген уағдаластықтарды уақтылы және толық орындауға өзара ниеттілік атап өтілді.
Кездесу барысында қазіргі заманғы жаһандық трендтер аясында инвестиция тарту мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу болды. Тараптар жасанды интеллект (ЖИ), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) сияқты секторлардың, сондай-ақ заманауи сауда инфрақұрылымы мен логистиканы дамытудың маңыздылығы артып келе жатқанын атап өтті.
Осы перспективалы салаларда жұмыс істейтін инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттілігі белгіленді.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан аумағында да, БАӘ-де де іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды одан әрі қолдау мәселелерін талқылап, өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтудің ықтимал жолдары мен бағыттарын белгіледі.