Қазақстан мен Әмірліктердің сот жүйелеріндегі ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстан мен Әмірліктердің сот жүйелеріндегі ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Абу Даби, 2025 жылғы 14 шілде – ҚР БАӘ-дегі Елшісі Рауан Жұмабек БАӘ Жоғарғы Сотының төрағасы Мұхаммед Хамад әл-Бадимен кездесті.

          Қазақстан дипломаты елімізде сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған  маңызды реформалар жүргізіліп жатқанын, қолданыстағы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенін атап өтіп, аталған игі істер азаматтардың және бизнестің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған институционалдық мүмкіндігін арттыруды көздейтінін айтты

Өз кезегінде Мұхаммед Хамад әл-Бади сот жүйесі саласы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытып, осы маңызды салада жүргізіліп жатқан реформалардың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.

Сонымен қатар тараптар азаматтардың құқығын сот арқылы қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және соттарға деген сенімді арттыру мәселелері жөнінде пікір алмасты.

 Кездесуде Қазақстан Елшісі ҚР Конституциялық Сотының төрағасы Э.Азимованың ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай ү.ж. 12 қыркүйегінде «Құқық арқылы – бейбітшілік пен болашаққа» тақырыбында өтетін  форумға шақыру хатын табыстады.

БАӘ Жоғарғы Соты 1971 жылы 2 желтоқсанда құрылған. Оның құрамына Президент тағайындаған төраға мен 32 судья кіреді. Бұл құрылым елдегі ең жоғарғы сот ретінде төменгі соттардан алынған істерді, сондай-ақ федералды билік үшін ерекше маңызы бар істерді қарайды. Жоғарғы соттың шешімдері БАӘ-дегі барлық соттар мен органдар үшін түпкілікті болып саналады.