AI’preneurs 2025: Жасанды интеллект бағытындағы стартаптарды дамытуды көздейтін акселерацияның екінші легі басталды

AI’preneurs 2025: Жасанды интеллект бағытындағы стартаптарды дамытуды көздейтін акселерацияның екінші легі басталды

Astana Hub-та жасанды интеллект (AI) саласындағы стартаптарды дамытуға арналған алғашқы қазақстандық акселераторлардың бірі – AI’preneurs бағдарламасының екінші легі басталды. Бағдарлама IT-кәсіпкерлер, инноваторлар мен салалық мамандар арасында қызығушылық тудырды: 2025 жылы Қазақстан, Ресей және Қырғызстан елдерінен 360 өтінім қабылданды.

Іріктеу нәтижесінде бағдарламаға 58 қатысушы өтті. Олардың орташа жасы – 33. Қатысушылар қатарында технология мен бизнес саласында тәжірибесі мол мамандар бар. Мұнда практикалық дайындығы мықты кәсіпкерлер, корпоративтік сектор қызметкерлері мен фрилансерлер жиналды. Олардың арасында халықаралық компаниялар мен технологиялық жобаларда жұмыс істегендер де бар.

«AI’preneurs – жай ғана акселератор емес, бұл – ертеңгі күннің мәні мен технологиясын жасайтын адамдарға жасалған инвестиция. Бүгінде жасанды интеллект айналасындағы экожүйе тез дамып келеді. Біз, мемлекет ретінде, мықты командалар мен таланттарға даму үшін нақты алаң ұсынуымыз керек. Осы ретте, қатысушылар өз идеяларын нақты AI-өнімдерге айналдыру үшін жан-жақты қолдауға ие болады. Біз оларды деректер жиынтықтары мен есептеу қуаттылығынан бастап, SAFE келісімі аясындағы бастапқы инвестицияларға дейін маңызды ресурстармен қамтамасыз етеміз. Бұл бастамалар – Мемлекет басшысы қойған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу жолындағы маңызды қадам. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай 10 мың AI-маман даярлау, 5 технологиялық "юникорн" шығару және жыл сайынғы IT-қызметтер экспортын $5 миллиард жеткізу көзделді”, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Бағдарлама оффлайн форматта Астанада өтеді. Басқа қалалар мен елдерден келген қатысушыларға бағдарлама кезеңінде тұрғын үй беріледі. Оқыту мерзімі үш айды қамтып, білім беру іс-шаралары, салалық сарапшылардың жеке кеңестері мен жобалар бойынша белсенді практикалық жұмыс жүргізіледі.

Бағдарлама жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған ұлттық бастама аясында жүзеге асырылуда және AI технологияларын қолданатын кәсіпкерлер экожүйесін қалыптастыруға сеп болады.

Еске салсақ, AI’preneurs бағдарламасының бірінші легі жоғары қызығушылық пен қатысушылардың әлеуетін нақты көрсетті. Былтыр 250 өтінім ішінен 50 маман іріктеліп, 21 команда құрылды. Соның ішінде 9 команда акселерацияны сәтті аяқтап, Seed Money аясында қаржыландыруға ие болды.

AI’preneurs бағдарламасы туралы толық ақпаратты Astana Hub платформасынан табуға болады.