Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңы жобасын таныстырды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының мақсаты- қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Жобамен қамтылған негізгі бағыттар – кітапхана және баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері және шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты түзетулер.
Жоба «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Мәдениет туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер енгізуді көздейді және түзетулердің негізгі блогы мәдениет саласына қатысты.
«2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы базасында Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасының жобасын іске асырылып келеді.
Сонымен қатар, бүгінде еліміздің электрондық кітапханасын іріктеу, қалыптастыру, толықтыру және дамыту тәртібін айқындайтын заңнамалық база жоқ.
Қазақстан Республикасының мәдени құндылықтары мен ұлттық мәдени игілігін электрондық форматта сақтау бағытында айтылған олқылықтарды жою, сондай-ақ халықтың зияткерлік әлеуетін арттыру және қазақстандық ғылым мен мәдениетті танымал ету бойынша жағдайларды арттыру мақсатында заң жобасында электрондық кітапхана мәселелерін реттейтін нормалар көзделіп отыр»,-деді министр.
Сонымен қатар А.Райымқұлова еліміздегі концерттік қызмет саласына да тоқталып өтті.
«Концерттік-ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблемалар бар. Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдіс орын алған, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар орын алған фактілер де бар.
Осы орайда, Заң жобасы аясында заңнамалық деңгейде орындаушылардың осындай мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді барынша реттеуге тырыстық. Олардың ішінде маңызды нормалардың бірі музыкалық шығармаларды орындаушыларының фонограммаларды қолдануы туралы көрерменді хабарлау. Фонограммаларды пайдалану тәртібін заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді»,-деді ол.
Министр мәжіліс отырысына қатысушыларға өңірлерде де көркемдік кеңестер ашудың маңызын түсіндірді.
«Қолданыстағы «Мәдениет туралы» Заңға енгізілген нормаларға сәйкес Министрлік жанындағы мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында мәдениет саласындағы қызметтің барлық бағыттары бойынша республикалық көркемдік кеңестер жұмыс істейтіндігі белгілі.
Көркемдік кеңестердің жұмысы өз жемісін беруде, театрлардың репертуары жақсарып, киножобалардың сапасы артты, әдебиет пен өнер шығармаларының да деңгейі артып отыр. Тұрақты негізде саланың даулы мәселелері талқылауға шығарылып, өз шешімін табуда.
Сонымен қатар, республикалық көркемдік кеңес аясында барлық салалардың көптеген проблемалық мәселелерін қамтудың мүмкін еместігін тәжірибе көрсетіп отыр.
Осыған орай, заң жобасы негізгі міндеті өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында ұсыныстар әзірлеу іспетті өңірлік көркемдік кеңестер құруды көздеп отыр»,-деді.
Министр Мәжіліске қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу бағытындағы мәселелер туралы баяндап берді.
«2017 жылы депутаттық корпустың арқасында алғаш рет заңнамалық деңгейде авторларға қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі енгізілді. Бұл басқа елдерде болмаған жағдай.
Алайда, іс жүзінде ыңғайсыз қайшылықтар пайда болды. Атап айтқанда, автордан әдебиеттерді сатып алу авторлық құқықтың барлық мерзіміне мемлекетке авторлық құқықты беруді көздейді. Ол автордың өмір сүрген кезіндегі мерзім және одан кейінгі 70 жыл. Бұл тұрғыда мемлекет әдебиетті оны мемлекеттік кітапханаларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алатынын айта кеткен жөн.
Өз кезегінде автордың қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға немесе оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жоқ. Бұл жағдайда мемлекеттің халыққа мәдени өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті орындалмайды, керісінше шектеліп отыр. Осыған орай, жобада еліміздің кітапханаларына әдебиетті басып шығару және тарату мақсатында автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу қарастырылып отыр. Одан әрі, автор оны басып шығаруға және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған кез келген басқа жолдармен таратуға құқылы болады»,-деді А.Рахметоллақызы.
Осы орайда министр Мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызметтері туралы да айтып өтті.
«Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда музейлер мен кітапханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түрлерінің тізімі және олардан пайда табу тәртібі қарастырылған. Тізім сол кезде мемлекеттік мекеме нысанында жұмыс істеген кітапханалар мен музейлерге құқық беру үшін заңға енгізілген болатын. Бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес, егер ақылы қызметтер құқығы салалық заңдарда көзделмесе коммерциялық емес болып табылатын мемлекеттік мекемелердің нысанында құрылған ұйымдардың бұндай қызметтке құқығы жоқ .
Алайда, бүгінгі күні Қазақстанның көптеген музейлері мемлекеттік кәсіпорындарға айналған. Осы орайда, қолданыстағы заңда музейлер мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік беретін норма кәсіпорындардың ақылы қызметтер көрсету аясын шектеп отыр.
Осыған орай заң жобасында осы норманың қолданылуын мекемелер түрінде құрылған ұйымдарға ғана қолдану ұсынылып отыр. Кәсіпорындар «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының талаптарының аясында іске асыратын болады»,- деді министр.
Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңы жобасы жан - жақты талқыланып, мақұлданды.