Елімізде инновациялар мен ғылымды дамыту үшін инновациялық экожүйе стейкхолдерлерінің күш-жігерін біріктіру ұсынылды

Елімізде инновациялар мен ғылымды дамыту үшін инновациялық экожүйе стейкхолдерлерінің күш-жігерін біріктіру ұсынылды

"Елбасы академиясы" корпоративтік қорында өткен  онлайн-пікірталас кезінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Азамат Батырқожа осындай ұсыныс білдірді.

Онлайн-кездесудің тақырыбы – "Қазақстандағы ғылымды дамытудың жаңа моделі". Кездесу "Өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау" бағдарламасына қатысушылардың ұсыныстарын нақтылау мақсатында ұйымдастырылған еді. Оған Президенттің көмекшісі-ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, "Елбасы академиясы" корпоративтік қорының директоры Фархад Қуанғанов, өзге де министрліктер мен ведомстволардың бірінші басшылары және ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Азамат Батырқожаның айтуынша, инновация мен ғылымды тиімді дамыту үшін үздік отандық сарапшыларды салалық Технологиялық құзыреттілік орталықтарында топтастыру қажет.

"Біз елдегі инновациялық ортаға талдау жүргіздік. Инновациялық және технологиялық дамуға қажетті заңнамалық және бағдарламалық құжаттар қабылданды, тиісті өкілеттік берілген даму институттары құрылды. Алайда, бұл жеткіліксіз деп ойлаймыз. Технологиялық трендтерге баға беруге құзыретті және салаларда технологиялық стратегияларды қалыптастыруға қабілетті үздік отандық сарапшыларды біріктіретін технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары қажет. Ал технологиялық платформалар барлық стейкхолдерлердің – мемлекет, бизнес, ғылым, білім және қоғам өкілдерінің мүдделерін үйлестіруге және күш - жігерін біріктіруге мүмкіндік береді",-деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Азамат Батырқожа. Баяндаманың толық мәтініне сілтеме https://docs.google.com/file/d/1uHhDXGeTxC1-G7ts32VoBCz_nyP7nSG9/edit?usp=docslist_api&filetype=msword 

Оның пікірінше, ең маңызды шарттардың бірі – салалық министрліктердің бәрінде 11 негізгі әлеуетті инновациялық кластер бойынша Технологиялық құзыреттілік орталығын құру қажет.

Сарапшылар, сондай-ақ ғылымды, технологияларды, инновацияларды және технологиялық саясатты қолдауға жауапты мемлекеттік органдар мен даму институттары арасындағы үйлестіру жұмыстары нашар деген пікірге келді. Ал Технологиялық саясат жөніндегі кеңес, Өнеркәсіптік даму комиссиясы секілді бірнеше консультативтік-кеңесші органның болуы айтарлықтай нәтиже бермейді. Сондықтан  ортақ басымдықтарды анықтайтын үйлестіруші орган құру маңызды.Жоғары ғылыми-техникалық комиссия, Технологиялық саясат жөніндегі кеңес, Өнеркәсіптік даму жөніндегі комиссия сияқты консультативтік-кеңесші органдардың қызметі тиісті үйлестіруді қамтамасыз етіп отырған жоқ. Сондықтан, стратегиялық деңгейде мемлекеттік технологиялық және инновациялық саясатты әзірлеуді және іске асыруды қамтамасыз ететін бірыңғай орган қажет.

Талқылау нәтижесінде шетелдік сарапшылармен міндетті тәжірибе алмасу, экономиканың салалық технологиялық міндеттеріне назар аудару мәселелері көтеріліп, ғылым, бизнес және білім интеграциясы айқындалды. Сонымен қатар, ғылымға жаңа көзқараспен қарайтын жас ғалымдарды қолдауға ерекше назар аудару ұсынылды.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар жобалар мен бағдарламаларды, әсіресе мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды  іске асыру кезінде қателесуге құқық беру қажет деген пікірге келді. Бұл сәтсіздіктерге төзімділік танытумен қатар инновациялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Кездесуді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры ҚР Үкіметінің жобалық офисімен бірлесіп, "Өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау"бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырғанын айтып өткен жөн.