«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабының 6)тармағына сәйкес жыл сайын көрсетілетін қызметті берушілердің, мүдделі жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша қызмет есептерінің жария талқылаулары өткізіледі. Жария талқылаулар көрсетілетін қызметті берушілер қызметінің есептілігі мен ашықтығы, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі, мемлекеттік қызметтер көрсету процесін тұрақты жетілдіру, оларды көрсетудің үнемділігі мен тиімділігі қағидаттарын іске асыруды қамтамасыз етуге арналған.
Ағымдағы жылдың 1 маусымынан 30 маусымына дейін ЖАО (қала, аудан, ауылдық округ әкімдіктері, сондай-ақ облыстық басқармалардың) ресми сайттарында (МО ИРБП) «Қызметі», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» деген бөлігінде 2023 жылғы мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызметтің нәтижелері туралы есептер орналастырылатын болады.
Аймақ тұрғындарына облыс әкімдігі сайтының басты бетіндегі «Сұрақ-жауап» терезесінде ұсыныстар мен ескертулер қалдыруға мүмкіндік беріледі.
Өңірдің тұрғындарын қоғамдық талқылауларға белсенді қатысуға шақырамыз.