Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Серік Сүлейменовтың Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай елді мекендерінің тұрғындарына үндеуі

Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Серік Сүлейменовтың Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай елді мекендерінің тұрғындарына үндеуі

Құрметті жерлестер!

Бүкіл әлем елдерінде коронавирустың таралуы жұртшылық арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Өкінішке қарай, бұл дерт Қызылорда облысы мен Байқоңыр қаласының да аумағында тіркеліп, ауырғандар саны ұлғаюда, өліммен аяқталу жағдайлары бар. Әрине, бұл уақытша дүрбелең. Алайда, барлығымыз сақтық шараларын аса қатаң сақтап, «Сақтанғанды Құдай сақтайды»-деген халық даналығын естен шығармауымыз қажет.
Ағымдағы жылдың 2 шілдесінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссияның отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 14 күнге шектеу шараларын енгізе отырып, елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылданды.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Байқоңыр қаласы, Төретам мен Ақай елді мекендерінде де қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Өңірде азық-түлік қоры жеткілікті, сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ. Яғни, тұрғындар үшін қауіпсіздік, сақтандыру, қажетті бірінші кезектегі тауарлармен қамтамасыз ету шаралары толығымен қамтылды және тұрақты бақылауда. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласының әкімшілігі қала аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесінің басқару органдары мен күштері үшін жоғары дайындық режимін енгізіп, 2020 жылғы 19 шілдедегі 24 сағат 00 мин дейін Байқоңыр қаласының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және шектеу жөніндегі іс-шараларды белгіледі.
Күн сайын Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар брифингтер өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына аталған дертпен ауырған адамдардың саны туралы, жалпы елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы жаңа және өзекті ақпарат беріп отыр. Соған қарамастан, әр түрлі әлеуметтік желілерде азаматтар коронавирустық дертке қатысты фейктер мен жалған ақпараттар таратуда. Сондықтан, вирустың өзінен де қауіпті жалған ақпараттарға сенбей, тек ресми ақпарат көздерінде жарияланған мәліметтерге бағдарланған жөн.
Сіздердің тараптарыңыздан осындай кезде сабыр сақтап, тәртіпке бағынып, жеке гигиенаны сақтауды, үйде болуларыңызды және адамдар шоғырланатын орындардан бас тартуларыңызды сұраймын.
Дендеріңіз сау, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Біз біргеміз!
#bizbirgemiz