9 мамыр Жеңіс күні

9 мамыр Жеңіс күні

Қымбатты тыл ардагерлері! Ардақты аудан тұрғындары!

9 мамыр – Жеңістің 79 жылдығы мерекесі құтты болсын!

Жеңіс күні – батылдық пен қаһармандықтың, халқымыздың бірлігінің беріктігі мен қайсар рухының мерекесі. «Ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» сұрапыл жылдардағы батыр майдангерлеріміздің өлшеусіз ерліктері мəңгі ұмытылмайды. Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн сыйлаған майдангерлерімізді əрдайым ардақтап, болашақ ұрпақ алдында мəңгі мақтан етеміз. Біз ерліктері тарих бетіне алтын əріппен жазылған ардақты ардагерлеріміздің өнегелі өмір жолын үлгі етеміз. Бұл жеңіс халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабаларымыздың ерлігі мен еңбегінің арқасында келді.

Ұлытау өңірінен майдан шебіне аттанып, ел қорғаған батыр бабаларымыздың, ардақты майдангерлеріміздің өшпес ерлігі біздің мəңгі есімізде сақталады. Тəуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі осынау мерекенің жемісі. Бүкіл халық жадындағы қастерлі мереке – Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Ауданымыздың барша тыл ардагерлері мен майдангер батырларымыздың ұрпақтарына мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге береке-бірлік тілейміз!