Түркістанда балалардың онлайн-қауіпсіздігі бойынша білім беру кампаниясы аясында ата-аналарға арналған мастер-класс өтті. Тегін мастер-класстар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің, Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, "Касперский зертханасының" және ЮНИСЕФ-тің қолдауымен өткізілуде.
Kazakhstan Kids Online * зерттеуіне сәйкес, қазақстандық балалардың көпшілігі интернетті 5 және одан да кіші жаста қолдана бастайды, бұл олардың алдында онлайн-кеңістіктегі қауіпсіздік бойынша бірқатар сын-қатерлер туғызады. Ата-аналардың қауіпсіз пайдаланушы тәжірибесін қамтамасыз етудегі рөлі балаларды онлайн ортада тиімдірек қорғау үшін маңызды.
Сарапшылар ата-аналарға балалардың күнделікті желіде кездесетін ықтимал қауіптері туралы айтып берді, сонымен қатар желідегі балалардың қауіпсіздігін жақсарту әдістерімен бөлісті. Сонымен қатар, интернетті пайдалануға байланысты балалардың психикалық денсаулығы, ата-аналар мен балалар арасындағы сенімді қарым-қатынас талқыланып, желідегі балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша ата-аналарға арналған лайфхактар жөнінде де сөз болды.
Іс-шарада спикер ретінде Қайыржан Әбдірахманов, "Касперский Зертханасының" мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі менеджері, Лидия Бейсембаева, ЮНИСЕФ-тің балалардың онлайн-қауіпсіздігі және цифрлық дағдылар жөніндегі кеңесшісі және Ерболат Калим, ЦДИАӨМ АҚК киберқауіпсіздікті дамыту басқармасының басшысы сөз сөйледі.
“Интернет желісіндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналарға келесі шараларды қолдану ұсынылады: баланың интернетте өткізген уақытын шектеу; қол жетімді контентті бақылау; балалармен онлайн режимінде кездесетін ықтимал қауіптерді белсенді түрде талқылау және теріс контентті анықтағанда модераторлардан көмек сұрауды үйрету. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелердің алдыңғы қатарында - кибербуллинг тұр. Интернет осындай проблемалардың көзі бола отырып, балалар мен жасөспірімдер арасында кибербуллингтің негізгі орнына айналуда. Сондықтан ұсынылған шаралар киберқауіптерге қарсы күресте ата—аналарды да, балаларды да қорғауға және қолдауға бағытталған", - деді ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің киберқауіпсіздікті дамыту басқармасының басшысы Ерболат Калим.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі