ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Qostanai IT Hub-қа барды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Qostanai IT Hub-қа барды

Кеше, 26 қаңтарда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапары аясында Qostanai IT Hub-қа барды.

Qostanai IT Hub Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын орындау аясында іске қосылды. Оның негізгі миссиясы – IT-стартаптарды құру және дамыту, IT- мамандарды оқыту және аймақтағы IT-қауымдастықты қолдау. Мұнда әрдайым ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және бизнес бағдарламалары саласындағы түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бүгінгі таңда хабта 3 резидент бар.

Жастармен кездесу барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасында цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы белсенді жұмыстың жалғасып жатқанын атап өтті.

«Бізде өте дарынды жастар бар. Мұндай IT-хабтар соларды тарту нүктесіне айналуы қажет. Бұл жерде жастардың инновациялық технологиялар саласы бойынша қарым-қабілеттерін ашуға және оларды оқытуға тиісті жағдай жасалады. Соның нәтижесінде, жаңа әзірлемелер мен тиімді жобалар пайда болады. Еліміздің барлық өңіріндегі жастар осындай мүмкіндіктерге ие болуы және оларға қолдау көрсетілуі қажет»,-деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысымен кездесу барысында 5 жоба ұсынылды:

  • OnaiOqu - ЖОО-ға түсуді жеңілдетуге арналған қосымша;
  • Automation - жасанды интеллект негізінде CRM/ERP жүйесін әзірлеу;
  • «VOLNA» аппараттық-бағдарламалық кешені - жылыту, сумен жабдықтау және басқа жүйелерді бақылау және басқару;
  • EasyTap - толық емес жұмыс күніне желілік персоналды іздеуге арналған қызмет;
  • КАС Консалтинг - әртүрлі салалар үшін бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу және Еуропаға экспорттық IT-қызметтерді ұсыну.

Qostanai IT Hub-та Спорттық бағдарламалау федерациясының өкілдігі жұмыс істейді, онда спорттық бағдарламалауды танымал ету мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіледі.

Qostanay IT Hub ҚР ЦДИАӨМ бастамасымен және Astana Hub-тың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен іске асырылды.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі