«Visit Zhetysu-2023» туристік форумы кәсіпкерлерді, ұлттық парктер мен турбизнестің, жергілікті атқарушы органдардың, әуе және теміржол компанияларының өкілдерін, тревел-блогерлерді, журналистерді т.б. 100-ден астам қатысушының басын қосты. Олардың көпшілігі жыл бойы Жетісу облысында туризм саласында өткізілген іс-шараларды ұйымдастыруға және ақпараттық сүйемелдеуге белсенді қатысты. Атап өтсек, өңірдің туристік ақпараттық орталығы құрылған күннен бастап бір жыл ішінде 30-дан астам туроператорлармен, 10-ға жуық БАҚ-пен және 25 блогермен тұрақты байланыс орнатудың арқасында 9 миллионнан астам әлеуетті туристерді тартуға мүмкіндік туған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Форумға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли облысқа жақында жасаған сапары барысында Мемлекет басшысының өңірдегі туризмді дамыту жөнінде берген тапсырмаларына тоқталды. Сондай-ақ туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында облыста жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында да хабарлады. Осы ретте ол туризмді дамытуда адами фактор, атап айтқанда қарым-қатынас өнері, түрлі адамдармен тіл табыса білудің маңыздылығын атап өтіп, Орталық ұйымдастырған форумға қатысқандарға әріптестік ынтымақтас үшін алғысын білдірді.
Жетісу облысында туризмді дамыту 5 дестинацияның әлеуетіне негізделіп отыр. Атап айтқанда, бұлар - Алакөл және Балқаш көлдері, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері және Текелі қаласы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірге 1,8 миллион турист келген. Оларға 14,6 млрд.теңге сомасына туристік қызметтер көрсетілді. Орналастыру орындарының саны - 346, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 360-тан асады жеп жоспарланып отыр.
Туризм амбассадоры, «Аргументы и факты», «Комсомольская правда» газеттерінің арнайы тілшісі Олег Беловтың айтуынша, туризмнің бірнеше бағыттарын қамтыған көптеген іс-шаралар өткізуде облыстың белсенділігі аса жоғары. «Жетісу облысында ауа райы +40 градус та, - 40 градус та болып құбылады. Тиісінше, табиғаттың мінезі де сан қилы. Сондықтан мұнда туристерге көп нәрсені көрсетуге болады», - деген ол Балқаш көліне арналған музыкалық бейнебаянын көрсетті.
Өз кезегінде ЮНЕСКО-ның ҚР-дағы геопарктер жөніндегі Ұлттық комитетінің төрағасы Саида Нигматова өз сөзінде геопарктер халықаралық деңгейде туризмнің тұрақты дамуына оң ықпалын тигізетінін атап өтті. Сонымен қатар Жетісу облысындағы екі ірі ұлттық парк бұл бағытты одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді. Екі ұлттық парк те Биосфералық резерваттардың дүниежүзілік желісіне кіреді. Ал «Алтынемел» жақында «ЮНЕСКО» Дүниежүзілік мұра объектілерінің тізіміне енгізілген. Екі ұлттық парктің өкілдері форумға қатысушыларға даму жоспарлары жайлы айтып берді. Лепсідегі туризм амбассадоры, «Лепсинск.PRO» ЖК басшысы, гид Камилла Вишнякова алғыс тілектерін білдірді.
- Біздің басты мақсатымыз – туристер мен саяхатшылар үшін біздің аймақ жайында барлық қажетті ақпараттарды ала алатын жайлы кеңістік құру. Туризмді дамытуға жәрдемдесе отырып, Жетісу өлкесінің әлеуетін барынша арттыру мақсатында іс-шаралар өткіземіз. Сонымен қатар біз тек ақпарат беріп қана қоймай, байланыстырушы буын да болып отырмыз. Бұдан басқа, тағы бір бағыт – көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан дарынды балаларға, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған тегін экскурсиялық бағдарламалар ұйымдастырамыз. Осының арқасында олардың көкжиегі кеңейіп қана қоймай, экотуризм туралы оларда дұрыс көзқарас қалыптасады, табиғат пен ұлттық мәдени құндылықтарды құрметтеп үйренеді. Форум биылғы жұмыстың қорытындысы, - деді «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының басшысы Жандос Нұриев.
Атап өтсек, форум аясында қатысушылар облыс орталығының бірқатар көрнекті нысандарын аралап, Талдықорған қаласына экскурсия ұйымдастырылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттердің авторлары: Жеңіс Ысқабай, Марат Толкунов, сол сияқты фотосуреттерді «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы ұсынды.